"Тәрбиеші демалып жатқан": балабақшада екі жасар баланы иттер талап өлтірді

АҚШ-тың Джорджия штатында жеке балабақша аумағында екі жасар баланы ротвейлер тұқымды иттер талап өлтірді. Оқиға кезінде тәрбиеші ұйықтап жатқан. Бұл туралы People басылымы жазды.
Қайғылы жағдай 4 қазан күні Валдоста қаласында болған. Сағат 15:45 шамасында полицияға екі ірі иттің балаға шабуыл жасағаны туралы хабар түскен. Тергеу барысында иттердің 48 жастағы Стейси Уилер Коббқа тиесілі екені анықталды. Ол үйдің иесі әрі заңсыз жұмыс істеген жеке балабақшаның басшысы болған.
Полиция дерегінше, бала тәрбиешінің қарауынсыз шамамен екі сағат бойы қалған. Осы уақыт ішінде ол артқы аулаға шығып, иттер тұрған вольерді ашып, ішке кіріп кеткен. Сол сәтте ротвейлерлер балаға шабуыл жасаған.
Оқиға орнына келген жедел жәрдем қызметі баланы аман алып қала алмады.
Валдоста полициясының басшысы Лесли Манахан бұл жағдайды болмауы тиіс ауыр қасірет деп атап өтті:
«Бұл — немқұрайдылықтың салдары. Кінәлі әйелдің салғырттығынан ана баласынан айырылды», — деді ол.
Жеке балабақша иесі Стейси Уилер Кобб қамауға алынды.
Соңғы жаңалықтар





