Тарихи құпия ашылды: Қазақстан аспанында жұмбақ нысан байқалғаны белгілі болды
АҚШ Қорғаныс министрлігі бұрын құпия болған белгісіз әуе құбылыстарына қатысты деректерді көпшілікке ашық түрде ұсынды, деп хабарлайды Politico.kz.
Белгісіз ұшатын нысан (НЛО) деп аталатын бұл материалдар арнайы үкіметтік порталға жүктеліп жатыр. Ведомство мәліметіне сәйкес, құжаттарды жариялау бірден емес, кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Ашық базаға әртүрлі мемлекеттік органдардан алынған бейнежазбалар, фотосуреттер және ресми есептер енгізілуде.
Жарияланған деректер арасында Қазақстанға қатысты мәлімет те кездеседі. 1994 жылғы АҚШ Мемлекеттік департаментінің дипломатиялық жазбасында Boeing 747 ұшағы экипажы Қазақстан аумағы үстінен ұшып бара жатып, ерекше жарық нысанды байқағаны айтылған.
Құжатта көрсетілгендей, 1994 жылдың 27 қаңтарында Тәжікстаннан ұшқан әуе кемесінің экипажы мен үш америкалық жолаушы аспанда өте жылдам қозғалған белгісіз объектіні көрген. Куәгерлер оның бағытын кенет өзгертіп, тіпті 90 градусқа бұрылғанын сипаттаған. Сондай-ақ нысанның бірнеше фотосы түсірілгені де жазылған.
Бұл құжаттарды ашық жариялау мәселесін жылдар бойы АҚШ конгрессмендері, ғалымдар және зерттеушілер талап етіп келген. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп та мұндай ақпараттың жариялануын қолдаған болатын.
Пентагон өкілдері қоғам тарапынан ашықтыққа сұраныс күшейгенін айтып, енді азаматтарға материалдармен еркін танысуға мүмкіндік берілетінін жеткізді.
Айта кетейік, бұл деректердің бір бөлігі ұзақ жылдар бойы құпия сақталып келген. Алайда кейбір белгісіз құбылыстардың нақты табиғаты әлі толық анықталған жоқ.
Соңғы жаңалықтар