Гүлмира Ізбасхан: Шашым мен татуировкам үшін Құдайдан кешірім сұрайтын едім

12.09.2026 21:34 Томирис САҒЫНДЫҚ
Гүлмира Ізбасхан: Шашым мен татуировкам үшін Құдайдан кешірім сұрайтын едім
149
Фото: видеодан скриншот

Отандық танымал әнші Гүлмира Ізбасхан өнерге келген алғашқы қадамы мен жеке өмірі туралы кеңінен баяндады. Өнер иесі шығармашылық жолындағы жетістіктерін анасының қолдауымен байланыстырып, ішкі тебіреністері мен өкініштерін жасырмады. Сонымен қатар ол өмірлік көзқарасы, күнделікті тұрмысы мен баспанасы туралы ашық айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Әнші бұл туралы "Ойлау" подкастында әңгімеледі. 

Өнер иесінің айтуынша, оның сахнадағы жетістіктері мен қалыптасуында анасының орны ерекше. Алғашқы қадамдарынан бастап қолдау көрсеткен анасы оның өнерде өз бетінше дамуына жол ашқан. Шығармашылық жолда еңбектенуді басты ұстаным еткен әнші анасының берген батасы мен кеңесін әрдайым есте ұстайды.

«Мамамның арқасында осы дәрежеге жетіп отырмын. Өйткені мамам екеуміз бірге билеп, өлең айтып, бірге көтерілдік. Мамам маған: «Енді өзің жұмыс жаса. Мен жолыңды бастап бердім, соңына дейін өзің жалғастыр, қозғал, еңбек ет», — деді. Солай еңбек етіп келе жатырмын», — деді әнші.

Сондай-ақ әнші өзінің өмірлік сабақтары мен рухани ұстанымдары туралы ой қозғайды. Ол кездескен әрбір адамның белгілі бір себеппен келетінін және іштей өкінетін сәттері бар екенін ашық мойындайды. Бойындағы кейбір әдеттері мен іс-әрекеттері үшін Жаратушыдан кешірім сұрайтынын жеткізді.

«Өмірдегі әрбір адам саған белгілі бір сабақ үйретіп кетеді. Ол адам өміріңде уақытша болса да, оған қатты бауыр басып, жақсы көріп кетсең де немесе ол жақын досың болса да, бір-біріңнен сабақ аласыңдар. Осының бәрін беріп отырған — Алла Тағала. Ол — баға жетпейтін ұғым, оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мен үшін Алла Тағала бірінші орында, тіпті бүкіл әлемде Ол ең бірінші орында болуы тиіс. Барлық нәрсені жаратып, реттеп отырған — Алла Тағала. Құдайдың алдына барсам, ең алдымен кешірім сұрар едім. Өйткені бұлай жүруіме болмайтынын білемін. Денемдегі суреттер — шын татуировка емес, жай наклейкалар. Өзім татуировканы жақсы көретіндіктен, рұқсат етілмегені үшін осылай наклейка жабыстырып жүремін. Осылар үшін кешірім сұраймын. Кейде анама қатты сөйлеп қойғаным үшін, намаз оқымағаным үшін кешірім сұраймын. Кейде достарыммен бас қосқанда вино ішіп қоятыным үшін де кешірім сұрар едім. Солардың бәрі үшін кешірім өтінемін», — деді Гүлмира Ізбасхан.

Гүлмира Ізбасхан өзіне берілген мүмкіндіктер мен тыңдармандарының ықыласына дән риза екенін айтты. Сонымен бірге ол өз еңбегімен сатып алған жылжымайтын мүлігі мен күнделікті тұрмыстық әдеттерін де тілге тиек етті. Атап айтқанда, Алматы қаласындағы баспанасы мен үйдегі күнделікті тіршілігі туралы сөз қозғады.

«Ал алғысқа келер болсақ, ең алдымен мені дүниеге әкелгені үшін, дәл осы ата-анамды нәсіп еткені үшін алғыс айтамын. Маған барлық жағдайды жасап берді: көзім көреді, мұрным сезеді, екі қолым мен екі аяғым бар. Үнім де бар, шүкір. Мені жақсы көретін тыңдармандарым бар. Соның бәріне шүкір етемін, мен өте бақытты адаммын. Өмірімдегі ең қымбат сатып алған затым — үйім. Өзім еңбек етіп тапқан ақшама осыдан үш жыл бұрын сатып алдым. Қазір ол үйдің құны 80–90 миллион теңге шамасында, Алматы қаласында орналасқан. Онда жалғыз тұрамын, бірақ сіңлілерім келіп көмектеседі. Өзім тамақ жасамаймын, үй де жинамаймын. Үй шаруасына мүлдем жақын емеспін. Кафедегі дайын тамақтарды жақсы көремін. Біреу дайындап берсе сүйсініп жеймін, ал өзім жасасам жей алмаймын», — деді әнші.

Войдите, чтобы оставить комментарий