"Темірмен сабап, ваннаға батырған". Әйел сұраусыз жүзім жеген асыранды баласын өлтіріп тастады

Ресейдің Свердлов облыстық соты бес жасар Далер Бабиевтің өліміне қатысты резонансты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды. Сот 36 жастағы көпбалалы ана, асыраушысы Вероника Наумованы 24 жылға бас бостандығынан айырды. Прокурор Борис Крылов оған 25 жыл жаза сұраған — бұл Ресей заңнамасы бойынша әйел адамға тағайындалатын максималды мерзім.
Тергеу дерегінше, Наумова баланы рұқсатсыз тоңазытқыштан жүзім жегені үшін аяқ киім киетін темірмен ұрып-соғып, скотчпен аяқ-қолын байлап, ваннада суға батырып өлтірген. Кейін оның денесін сөмкеге салып, жалға алынған гаражға апарып жасырған. Дененің иісі шықпас үшін сөмкенің ішіне ұнтақталған кофе сепкен.
Бала жоғалды деген жалған хабардан кейін денесі табылды
Далер Бабиевтің жоғалғаны туралы мәлімет 2023 жылғы 26 маусымда жарияланған. Сол күні Наумова полицияға өтініш беріп, баланың ерте тұрып, есікті ашып, сыртқа шығып кеткенін айтқан. Іздеу жұмысына 1500-ден астам адам мен волонтер тартылды.
Алайда тергеушілер Наумованың сөздеріне күмәнмен қарап, бір тәуліктен соң оны тұтқындады. Жақын күндері оның жұмыс орнында «Газель» көлігін сұрағаны, гараждан «өлі егеуқұйрықтың иісі кетпей тұр» деген сылтаумен заттарды шығарғысы келгені белгілі болды. Кейін сол гаражды тексерген жедел топ баланың денесін тапты. Сараптама нәтижесі бойынша, бала кемінде жарты жыл бұрын суға бату нәтижесінде қаза тапқан, денесінде түрлі кезеңдегі дене жарақаттарының іздері болған.
Наумова осы уақыт ішінде асыраушы ретінде мемлекеттен 119 000 рубль көлемінде төлем алып келген.
Азаптың себебі — жүзім ғана емес
Тергеу баланың ұлтына байланысты жеккөрінішке ұшырағанын анықтады. Наумова оны алғаш күннен бастап ұнатпаған, «ол орыс емес» деп үнемі кемсітіп, «психикалық ауытқуы бар» деген жалған айыптармен жақын арада ауруханаға жіберілетінін айтып қорқытқан. Шын мәнінде дәрігерлер баланың психикалық ауытқуын тіркемеген.
Наумованың күйеуі мен туыстары да зұлымдыққа қатысқан. Баланы электрошокермен ұрып, мұздай сумен және қайнаған сумен азаптаған. Сот барысында белгілі болғандай, Наумованың туысы Даниил Егольников пен күйеуі Александр Наумов та баланы бірнеше жыл бойы қорлаған.
Тіпті, Далердің туған қарындасы Даша да ағасының өліміне куә болған, бірақ Наумова оны қорқытып, кінәні соған жауып, бәрін жасыруға мәжбүр еткен.
Наумова бұл әрекеттерін жасырып қалу үшін, мектепке: «балаға тәрбиеші таптым, енді сабаққа келмейді» деп мәлімдеген. Айта кету керек, ол география мен биология пәнінен сабақ берген, әрі күйеуімен бірге отбасылық білім беру орталығын басқарған.
Сотталғандар:
-
Вероника Наумова – кәмелетке толмаған баланы азаптау, заңсыз бостандығынан айыру, өлімге әкелген әрекет, ауыр дене жарақатын келтіру және кәмелет жасындағы балаларды қылмысқа тарту баптары бойынша кінәлі деп танылып, 24 жылға бас бостандығынан айырылды.
-
Александр Наумов – күйеуі, бұрынғы сержант, 2019–2022 жылдары баланы азаптағаны үшін 5 жылға сотталды, бірақ кейін жаңа әскери келісімшартқа отырып, майданға қайта аттанды, ал үкімі кейінге қалдырылды.
-
Даниил Егольников – Наумованың 21 жастағы туысы, Далерге қатыгездік көрсеткені үшін қатаң режимдегі колонияға 5 жылға сотталды.
-
Евгения Вознесенская – отбасының тіркеуінде тұрған қамқорлық инспекторы, Далердің жағдайын тексермей, тек телефонмен сөйлесіп, жалған акт толтырғаны үшін сотталып, бастапқыда айыппұлмен құтылған. Кейінірек екі жылға сотталды, бірақ жүктілігіне байланысты жазасын кейінге қалдырды.
-
Анна Гилева – балабақша меңгерушісі, баланың денесіндегі жарақаттарға көз жұма қарап, жағдайды тиісті органдарға хабарламаған. Қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін 2 жылға бас бостандығынан айырылды, бірақ ол да жүктілікке байланысты жазаны кейінге қалдырды.
Соңғы жаңалықтар





