Тілінен тас тапқан келіншек: Биволдың бұрынғы жары сотта жеңіліс тапты
Санкт-Петербург қаласының Смольнинский аудандық соты әлем чемпионы Дмитрий Биволдың бұрынғы әйеліне қатысты түсірген талап арызын қанағаттандырды. Сот шешімімен Екатерина Биволдың таратқан мәліметтері шындыққа жанаспайтын әрі боксшының абыройы мен іскерлік беделіне нұқсан келтіретін ақпарат деп танылды, деп хабарлайды Politico.kz
Сот талқылауына Дмитрий Биволдың азаматтық талап-арызы түрткі болған. Іс материалдарына сәйкес, Екатерина 2024 жылдың қыркүйегі мен 2025 жылдың тамызы аралығында Instagram желісінде және Telegram мессенджерінде бұрынғы күйеуі жайлы жағымсыз жазбалар жариялап, қаралаумен айналысқан. Енді сот үкіміне сәйкес Екатерина өзіне тиесілі барлық әлеуметтік желілер мен каналдарда теріске шығару туралы ақпаратты орналастыруға міндеттелді. Бұл жазба алты ай бойы көпшілікке ашық және қолжетімді тұруы тиіс.
Еске салайық, ерлі-зайыптылар 2023 жылдың маусым айында екі жаққа кеткен болатын. Содан бері анасының қамқорлығында қалған Мирон және Никон есімді екі ұлы үшін Екатерина спортшыдан қомақты алимент өндіріп алуға тырысып келеді. Осы текетірестің соңы 2024 жылдың желтоқсанында Дмитрийдің прокуратураға шағымдануына ұласып, артынша іс сот қарауына өткен еді.
Айта кетерлігі, Екатерина Бивол қазақстандықтарға боксшының әйелі ретінде емес, даулы мәлімдемелерімен көбірек таныс. Ол бұған дейін қазақ ұлты мен қызғыздарға қатысты қорлайтын сөздер айтып, қоғамның ашу-ызасын тудырған еді. Осы қылығы үшін Қырғызстан соты оны сырттай қамауға алу туралы қаулы шығарса, кейіннен Қазақстан билігі де оған іздеу жариялады. Алайда Екатерина екі елдің құқық қорғау органдары қабылдаған бұл шараларды келеке етіп, әлеуметтік желіде мысқылмен жауап қатқан болатын.
Соңғы жаңалықтар