Тоқаев Ресейден санкцияларды алуға шақырды
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 77-сессиясының жалпы дебатында сөз сөйледі.
Бұл туралы Ақорда хабарлайды.
Басты халықаралық мінберде сөз алған Қазақстан президенті БҰҰ-ның штаб-пәтеріндегі бүгінгі кездесу әлем геосаяси текетірестің жаңа кезеңіне қадам басқан адамзат үшін сындарлы кезеңде өтіп жатқанын айтты.
– Тәртіп пен жауапкершілікке негізделген әрі бұрын қалыптасқан халықаралық жүйенің орнын хаос пен болжауға келмейтін жағдай басып жатыр. Жаһандық тежеу мен тепе-теңдік жүйесі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтай алмады. Қауіпсіздік архитектурасы жойыла бастады. Әлемдік державалар арасындағы өзара сенімсіздік жылдам артып келеді. Әлем әскери қақтығыстардың жаңа толқынының құрбанына айналды. Біз бірінші рет екі буыннан кейін ядролық қаруды қолдану қаупімен бетпе-бет келдік, – деді президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды кедергілерге және экономикалық оқшаулануға байланысты проблемаларды атап өтті. Оның айтуынша, экономикалық және саяси санкциялар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тізбегін жойып, миллиондаған адамға, әсіресе қоғамның осал топтарына қауіп төндіретін «жаңа нормаға» айналды.
Қазақстан президенті өз сөзінде 77 жыл бұрын БҰҰ-ның негізін қалаушы мемлекеттер ұйымның Жарғысында осы уақытқа дейін біздің қызметімізді сәтті реттеп келгенін халықаралық құқықтың қағидаттары мен нормаларын жазып, бекіткенін еске салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ негізінде жатқан іргелі постулаттарды сақтаудың маңыздылығына назар аударды. Атап айтқанда, ол мемлекеттер егемендігінің теңдігі, территориялық тұтастықты құрметтеу және мемлекеттердің бейбіт қатар өмір сүруі сияқты үш негізгі қағидаттың өзара байланысын қайта қарастыру қажеттігіне тоқталды.
– Бұл – үш қағидат өзара бір-біріне тәуелді. Осы қағидаттардың бірін сақтау қалған екеуін ұстануды білдіреді. Ал олардың бірін бұзу, басқа екеуін бұзған болып саналады. Дәстүрлі және ядролық қарусызданудың жаһандық жүйесі әлсіреген кезде аталған үш қағидатқа қауіп төнеді. Керісінше, үш қағидаттың түгел сақталуы олардың күшеюіне ықпал етеді. Бұл қағидаттар бірге кеңейтілген мемлекетаралық ынтымақтастықтың келесі үш деңгейіне негіз болады: субөңірлік, өңірлік және жаһандық. Бұл адамзат үшін пайдалы. БҰҰ аясында бекітілген құндылықтар жүйесі әлемнің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған адамға үміт сәулесі болып қала береді, – деп сенім білдірді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ынтымақтастық рухына негізделген БҰҰ-ны басшылыққа алып, аталған құндылықтарды батыл қорғауға шақырды.
– Біз ортақ мұрамыз бен игілігімізге нұқсан келтіретін батылсыздыққа немесе біржақты мүддеге жол беруге құқымыз жоқ. Көп нәрсеге тәуекел етуге тура келеді. Осыған байланысты Қазақстан инклюзивтілік, көпжақтылық және ізгі ниет жолында тиісті субъектілердің бәрімен ынтымақтастық орнатуға дайын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы заманауи сын-қатерлерді тек ұжымдық күш-жігермен ғана жеңуге болатынын айтты. Осыған байланысты ол бірқатар тәсілдерді атап көрсетті.
– Өткен жылдардағы көптеген және көбіне өзара байланысты дағдарыстар жаһандық басқаруда айтарлықтай кемшіліктер бар екенін көрсетті. Олар БҰҰ-ны жаңғырту және реформалау қажет екенін айқындап берді. БҰҰ алдағы сын-қатерлерге және туындайтын мүмкіндіктерге дайын болуға тиіс, – деді мемлекет басшысы.
Қазақстан президенті БҰҰ Бас хатшысының «Біздің ортақ мәселеміз» атты баяндамасындағы ұсыныстарын құптады. Оның пікірінше, бұл БҰҰ Жарғысының ережелерін бекіту, көпжақтылыққа жаңа серпін беру, қолданыстағы міндеттемелерді іске асыруды күшейту, жаңа сын-қатерлерге нақты жауаптарды келісу және мүше мемлекеттер арасындағы сенімді қалпына келтіру үшін зор мүмкіндік.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық сын-қатерлер мен дағдарыстарға жай ғана жауап беруден олардың алдын алуға және қалыптасып келе жатқан үрдістерді жақсы болжауға көшу қажеттігін мәлімдеді.
– Қазақстан 30 жыл бұрын дәл осы мақсатпен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөнінде кеңес (АӨСШК) құруды ұсынды. Жаңа сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге байланысты алдағы қазан айында араағайындық пен бітімгерлікке атсалысу мақсатында өтетін Саммитте АӨСШК толыққанды халықаралық ұйымға айналады деп үміттенеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Шығыс пен Батыс арасындағы ашық диалогты, сондай-ақ өзара сенім мен көпжақты ынтымақтастық қағидаттарына негізделген жаңа жаһандық қауіпсіздік парадигмасын құруға шақырды.
Президент ядролық державалардың бәсекелестігі мен текетіресінің күшеюіне, сондай-ақ ядролық қаруды таратпау туралы шарттың шолу конференцияларында жетістіктің жоқтығына алаңдаушылық білдірді. Ядролық қарусыздану Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі бағыттарының бірі екенін айта келе, мемлекет басшысы біздің еліміздің ядролық қарудан азат әлем құру үшін күресін жалғастыратынын айтты.
Мемлекет басшысы климаттың өзгеруіне қарсы күресті халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуді талап ететін тағы бір басты міндет ретінде атады.
Қасым-Жомарт Тоқаев климаттық күн тәртібі жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі дағдарысымен тікелей байланысты екенін атап өтті. Ол жаһандық азық-түлік қауіпсіздігімен күресу үшін Қазақстанның орасан зор ауыл шаруашылығы әлеуетін пайдалану туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.
– Қазақстан алдағы уақытта да астық пен басқа да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің сенімді жеткізушісі болып қала береді. Сондай-ақ біз Қазақстанда орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымымен, сондай-ақ БҰҰ агенттіктерімен ынтымақтастықты нығайтуға ниеттіміз. Бұл тұрғыда азық-түлік пен тыңайтқыштарды барлық санкциялар мен шектеулерден босату аса маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы өз сөзінде Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған еліміздегі ауқымды саяси және экономикалық реформаларға да тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы ішкі саяси оқиғаларға, атап айтқанда президент мерзімінің қайта қарастырылып жатқанын атап өтті.
– Бұл – Қазақстанда демократияны дамытудағы тың серпіліс. Біз «күшті Президент – беделді Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын қатаң ұстана береміз. Бұл формула Қазақстанның ұлттық мүдделеріне толық сәйкес келетініне сенімдімін, – деді мемлекет басшысы.
Здесь пока ничего нет
Соңғы жаңалықтар
12.12.2024
09:39
Қазақстанның тәуелсіздік алғаны
12.12.2024
09:27
Полиция Шерзат Полаттың үйін өртеген адамдарды ...
12.12.2024
09:10
2025 Жаңа жылға арналған құттықтау сөздер мен т...
11.12.2024
21:21
Шерзат Полат ісіндегі екі әйел куәгер болып кет...
11.12.2024
20:19
Марқұм Нұрқанат туралы тың деректер шықты
11.12.2024
19:48
Жаңа адамдар Бағлан Әбдірайымовқа өзімен жұмыс ...