Тоқаев Бішкекте ресми сапарын бастады

ТОҚАЕВТЫ ҚЫРҒЫЗСТАНДА САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ ҚАРСЫ АЛДЫ, ДЕП ХАБАРЛАЙДЫ POLITICO.KZ САЯСИ-ӘЛЕУМЕТТІК ПОРТАЛЫ.
Бүгін, 22 тамызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғыз Республикасына ресми сапарының негізгі бөлігі басталды. Күн тәртібі «Ата бейіт» ұлттық тарихи-мемориалдық кешеніне зиярат етуден басталып, «Ынтымақ Ордо» резиденциясындағы салтанатты қарсы алу рәсімімен жалғасты. Қазіргі уақытта екі ел басшыларының ресми келіссөздері өтіп жатыр.
Мемлекет басшысы алдымен сталиндік репрессия құрбандары мен қырғыз халқының көрнекті қайраткерлері жерленген «Ата бейіт» кешеніне барды. Қасым-Жомарт Тоқаев мұнда 1916 жылғы үркіншілік құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоғын қойып, тағзым етті. Одан кейін Президент түркі әлемінің заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматовтың бейітіне зиярат етіп, қаламгердің рухына Құран бағыштады.
Осыдан соң, «Ынтымақ Ордо» резиденциясында Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті. Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров қазақстандық әріптесін зор құрметпен қарсы алды. Екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалғаннан кейін, Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, мемлекеттер басшылары сап түзеген сарбаздардың алдынан өтті. Ресми делегация мүшелерін таныстырғаннан кейін президенттер келіссөздер залына бет алды.
Соңғы жаңалықтар





