Тоқаев Ерлан Қошановқа партиядағы еңбегі үшін алғыс айтты
Қазақстанның саяси өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі – AMANAT партиясының жаңадан құрылған «Әділет» ұйымымен бірігуі. Осы тарихи шешімнен кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев партияның бұрынғы төрағасы Ерлан Қошановқа ерекше алғысын білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Мемлекет басшысының кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Айбек Смадияров өзінің ресми парақшасында мәлімдеді.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев AMANAT партиясының бұрынғы төрағасы Ерлан Қошановқа аталған лауазымдағы абыройлы, нәтижелі әрі елге пайдалы еңбегі үшін алғыс айтты.
Сонымен қатар ол партия мүшелерінің жуырда өткен съезде жаңадан құрылған «Әділет» партиясына қосылу жөнінде қабылдаған тарихи шешімдеріне ризашылығын білдірді.
Президент елімізді жаңғырту, заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіпке негізделген Әділетті Қазақстанды құру ісіне AMANAT партиясының елеулі үлес қосқанын атап өтті.
Мемлекет басшысы отаншыл партия мүшелерінің «Әділет» партиясының қатарында да ел игілігі жолындағы белсенді әрі жемісті қызметін абыроймен жалғастыра беретініне сенім білдірді", – деп жазды Смадияров.
Еске салайық, билеуші AMANAT партиясының жаңа «Әділетке» қосылуы туралы нақты шешім Астана қаласында өткен XXVI съезде қабылданған болатын.
Ал 14 маусым күні «Әділет» партиясының II съезі өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 613 делегат қатысып, AMANAT-тың қосылуын бірауыздан қолдады.
Соңғы жаңалықтар