Тоқаев Халық Кеңесінің төрағалығына Қошановты ұсынды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында Ерлан Қошановты осы органның төрағалығына ұсынды. Енді кеңес мүшелері оның кандидатурасы бойынша жасырын дауыс береді, деп хабарлайды Politico.kz.
Төраға болып сайлану үшін кеңес мүшелерінің жалпы санының жартысынан көбінің қолдауы қажет. Ал дауыс беру өтетін отырысқа кеңес құрамының кемінде төрттен үші қатысуға тиіс. Конституциялық заң бойынша кандидат ұсынуға Президент пен кеңес мүшелерінің кемінде үштен бірі құқылы.
Төраға 4 жылға сайланады, бір адам бұл қызметті екі мерзімнен артық атқара алмайды. Ол кеңестің жұмысын басқарып, сессияларды шақырады, күн тәртібін белгілейді, сессия мен төралқа отырыстарын жүргізеді, регламентті бекітіп, кеңес атынан сөйлейді. Орынбасарларын кеңес мүшелерінің арасынан өзі тағайындайды, олар екі жыл сайын ротация тәртібімен ауысады.
Қазақстан Халық Кеңесі халықтың мүддесін білдіретін жоғары конституциялық кеңесші орган ретінде қоғамның мемлекеттік саясатты әзірлеуге және іске асыруға қатысуын қамтамасыз етуге тиіс. Президент бұған дейін оның 126 мүшесін бекіткен. Олардың 42-сі этномәдени бірлестіктерден, 42-сі қоғамдық бірлестіктер мен өзге коммерциялық емес ұйымдардан, тағы 42-сі Астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттары мен қоғамдық кеңестерінен кірген. Мүшелері төрт жыл бойы қоғамдық негізде жұмыс істейді.
Кеңес ішкі саясат жөнінде ұсыныстар әзірлеп, Құрылтайға заң жобаларын енгізе алады, бүкілхалықтық референдум өткізуге бастамашы болады. Сондай-ақ қоғамдық талқылаулар мен тыңдаулар өткізіп, қоғамдық бақылауға қатысады, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін ұйымдастырады. Жоғары басқарушы органы сессия болса, сессиялар арасында жұмысты Төралқа басқарады. Ұйымдастыру мен талдау жұмыстарын мемлекеттік орган мәртебесі бар хатшылық атқарады.
Ерлан Қошанов кім?
Ерлан Жақанұлы Қошанов 1962 жылғы 14 тамызда Қарағанды облысында туған. 1984 жылы Қарағанды политехникалық институтының Жезқазған филиалын инженер-механик мамандығы бойынша, 1991 жылы КСРО Сыртқы сауда академиясы жанындағы Жоғары коммерциялық мектепті бітірген. Ал 1999 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясында экономист біліктілігін алған.
Еңбек жолын 1986 жылы «Жезқазғантүстімет» бірлестігінің байыту фабрикасында слесарь, кейін шебер болып бастаған. 1988–1990 жылдары Жезқазған облыстық комсомол комитетінде нұсқаушы және бөлім меңгерушісі, 1990–1995 жылдары облыстық сыртқы экономикалық байланыстар комитетінде басшылық қызметтер атқарған.
1996–1999 жылдары Сенат депутаты болып, 1999 жылы Үкіметтің Парламенттегі өкілі қызметіне келген. 2001–2003 жылдары Премьер-министр кеңсесі басшысының орынбасары болған, кейін Көлік және коммуникациялар министрлігі мен Премьер-министр кеңсесінде жұмыс істеген.
2017 жылы Қарағанды облысының әкімі болып тағайындалып, 2019–2022 жылдары Президент Әкімшілігін басқарған. Мәжіліс депутаттығына бірнеше рет кандидат болған Қошанов 2022 жылы палата төрағасы болып сайланып, төменгі палата 2026 жылғы шілдеде таратылғанға дейін осы қызметті атқарған.
Соңғы жаңалықтар