Тоқаев Кореяның 5 азаматын «Достық» орденімен марапаттады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сеулде Корея Республикасының 5 мемлекет және қоғам қайраткеріне II дәрежелі «Достық» орденін табыстады, деп хабарлайды Politico.kz.
Марапатталғандар қатарында Корея Республикасы Ұлттық жиналысының 22-шақырылым депутаттары Мэн Сон Гю мен Ли Чжэ-кан, Сеул киберуниверситетінің президенті Ли Сан Гюн бар.
Сондай-ақ орден Хангук шет тілдері университетінің (HUFS) профессоры, Орталық Азияны зерттеу институтының директоры Сон Ён Хунға табысталды. Hyundae General Hospital көпбейінді клиникасының директоры Ким Бу Соп та осы марапатқа ие болды.
Салтанатты рәсімде Тоқаев жиналған қауымға ілтипат білдіріп, қазақ пен корейдің ежелден достас халықтар екенін айтты.
«Екі елдің арасы алшақ болғанымен, бізді өзара құрмет пен ортақ мүдде жақындастырады. Корея экономикасы айналасындағы бәсекелестік пен сын-қатерлерге қарамастан ойдағыдай дамуда. Бұл – халықтың еңбекқорлығы мен ірі кәсіпкерлердің арқасы. Қазақ халқы мен билік өкілдері достас Корея еліне шынайы сыйластықпен қарайды. Корея Республикасы – Қазақстанның стратегиялық серіктесі. Біз Кореяны халықаралық абырой-беделі зор мемлекет ретінде білеміз. Бүгінде мемлекеттеріміздің сан қырлы ынтымақтастығы жыл санап нығайып келеді. Осыдан 5 жыл бұрын Кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы мәлімдеме қабылдаған едік», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент екі мемлекет арасында терең саяси диалог орнағанын атап өтіп, бірлескен жобалар мен мәдени байланыстарға тоқталды.
«Сауда-экономикалық қарым-қатынас қарқынды дамып келе жатыр. Біз машина жасау, энергетика, металлургия, озық технология және басқа да салада бірқатар ірі жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Әлемге танымал корей компаниялары елімізде табысты жұмыс істеуде. Мәдени-гуманитарлық байланысымыз да күшейді», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Тоқаев Кореямен байланысты күшейтуде еліміздегі корей ұлтының өкілдері ерекше рөл атқаратынын айтты.
Соңғы жаңалықтар