Тоқаев күштік құрылым қызметкерлерін марапаттады

Тоқаев күштік құрылым қызметкерлерін марапаттады
11.02.2025 12:51
0
373
Ақорда
Президент күштік құрылымдардың үздік офицерлерін марапаттады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев UAE SWAT Challenge халықаралық жарысында жоғары нәтиже көрсеткен күштік құрылымдардың бір топ офицерін марапаттады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Биыл Дубайда өткен сайысқа Қазақстаннан 12 команда қатысып, Ішкі істер министрлігінің «Сұңқар» және «Томирис» командалары күміс жүлдегер атанды. Сонымен қатар, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Арыстан» жасағы төртінші орынға ие болды. Мемлекеттік күзет қызметі мен Қорғаныс министрлігінің арнайы бөлімдері де жоғары нәтижелер көрсетті.

Мемлекет басшысы жеңімпаздарды құттықтап, олардың жетістіктері қажырлы еңбектің жемісі екенін атап өтті.

– «Елдің атын ер шығарар» деген. Сайыпқыран сарбаздарымыз көк туымызды асқақ желбіретті. Төрткүл дүние жауынгерлеріміздің мықтылығына куә болды. Біз сіздерді мақтан тұтамыз. Осындай жеңісті сәттер барша халқымыздың, әсіресе, өскелең ұрпақтың рухын көтереді. Ел қорғаны мықты болса, Қазақстанның еңсесі әрдайым биік болмақ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі күштік құрылымдардың рөлін ерекше атап өтті.

– Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өтеміз. Бұл – бостандық пен әділдік ұғымдарын ту етіп, майданда жанқиярлықпен шайқасқан, тылда еңбек еткен барша қазақстандықтарға көрсетілген құрмет. Батырларымыздың теңдессіз ерлігін ұрпақ жадында сақтау – парызымыз. Бүгінде сіздер жауынгер халықтың ұрпағы ретінде Отан алдындағы қасиетті парызды терең түсініп, адал қызмет етіп жүрсіздер. Бәріңіз де еліміздегі бейбіт өмірді сақтау үшін табанды еңбек етіп келесіздер. Сіздерді заң мен тәртіп сақшысы деуге толық негіз бар. Заң мен тәртіп – әділетті әрі қауіпсіз мемлекеттің өзегі, – деді Президент.

Қауіпсіздік пен тәртіп – тұрақтылықтың негізі
Мемлекет басшысы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің былтыр 20-дан астам арнайы операция жүргізгенін, оның ішінде екі лаңкестік әрекеттің алдын алғанын айтты.

Ішкі істер министрлігі 64 есірткі өндіріс орнын жойып, 22 мың тонна есірткіні тәркілеген. Сонымен қатар, 7,5 мыңнан астам есірткі жарнамалайтын сайт бұғатталды, ал 2 млрд теңгеден астам қаржыны шетелге заңсыз шығармақ болған алаяқтардың жолы кесілді.

– Былтыр Ұлттық қауіпсіздік комитеті заңсыз әрекеттердің алдын алу үшін жиырмадан астам жедел жауынгерлік іс-шара өткізді. Екі террорлық актінің жолын кесіп, қаскөйлерге тосқауыл қойды. Ұлттық ұлан жасақтары төтенше жағдайлардың салдарын жоюға белсене атсалысты. Ішкі істер министрлігінің құрылымдары ауқымды жұмыс атқарып жатыр. Өткен жылы есірткі өндіретін 64 орын жабылды. 22 мың тонна есірткі тәркіленді. Есірткіні жарнамалаған 7,5 мың сайт бұғатталды. Екі миллиард теңгеден астам қаржыны шетелге шығармақ болған алаяқтардың жолы кесілді. Соңғы үш жылда 8 мыңға жуық түрлі қару-жарақ табылды. Мұндай мысалдар өте көп. Арнаулы қызмет қатарындағы мыңдаған сарбаз мемлекеттің егемендігі мен азаматтардың қауіпсіздігін қорғап жүр. Жауынгерлеріміз қашанда Отан алдындағы антына адал, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан ұлттық мүддені қорғауды жалғастырады
Президент қазіргі жаһандық өзгерістерге тоқталып, Қазақстанның өзінің ұлттық саясатын жүргізетінін және ешкімге жалтақтамай, өзіндік даму жолымен жүретінін мәлімдеді.

– Заң мен тәртіп үстемдігін орнату маңызды екенін әрдайым айтып жүрміз. Уақыт біздің ұстанымдарымыз бен стратегиялық бағдарымыздың дұрыс екенін көрсетті. Сондықтан біз алдағы уақытта да ұлттық мүддемізді қорғап, елімізге лайықты бірегей жолмен жүреміз. Жалпыұлттық құндылықтарымызды дәріптейміз. Ешкімге жалтақтамай, өз саясатымызды жүргіземіз. Өйткені біздің мақсатымыз – айқын. Бұл – қуатты және өркендеген Қазақстанды құру, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиын соңында мемлекет басшысы арнайы жасақ жауынгерлеріне мемлекеттік наградалар табыстап, қызметтеріне сәттілік тіледі.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий