Оралда бұрынғы полицей пышақ жарақатын алды: полиция оқиғаның мән-жайын түсіндірді

Оралда бұрынғы полицей пышақ жарақатын алды: полиция оқиғаның мән-жайын түсіндірді
Фото: polisia.kz

Батыс Қазақстан облысында бұрынғы полиция қызметкері пышақ жарақатымен ауруханаға түсті. Бұған дейін оны әріптесі ішімдік ішіп отырған кезде пышақтағаны туралы ақпарат тараған. Алайда полиция бұл мәліметті жоққа шығарды, деп хабарлайды Politico.kz.

БҚО полиция департаментінің хабарлауынша, оқиға 2026 жылғы 8 қарашада болған. Бұрынғы полиция қызметкері денесіне терең енген жарақатпен медициналық мекемеге жеткізілген. Қазір осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

«Зардап шегушінің айтуынша, ол абайсызда өзіне жарақат салған. Дегенмен тергеу барысында оқиғаның барлық нұсқасы, соның ішінде басқа бір бұрынғы полиция қызметкерінің қатысы болуы мүмкін деген болжам да тексеріліп жатыр. Тергеудің әділ өтуін қамтамасыз ету үшін оған өзіндік қауіпсіздік бөлімшесінің қызметкерлері тартылды», – деп хабарлады полиция департаменті.

Ведомство осы оқиғаға байланысты қызметтік тексеру жүргізілгенін де мәлімдеді. Іске қатысы бар екі адамның да бұған дейін ішкі істер органдарынан жұмыстан шығарылғаны белгілі болды.

«Әлеуметтік желілерде тарап жатқан екі адамның бірге ішімдік ішіп отырып жанжалдасқаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Көрінеу жалған ақпарат таратқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз», – деді полиция өкілдері.

Оқиғаға түпкілікті құқықтық баға тергеу аяқталғаннан кейін беріледі.

Еске салайық, бұған дейін БАҚ-та Орал қаласындағы Абай полиция бөлімі бастығының жедел жұмыс жөніндегі бірінші орынбасары, майор шеніндегі қызметкер уақытша ұстау изоляторына қамалғаны туралы ақпарат тараған еді. Мәлімет бойынша, ол бірге ішімдік ішіп отырған кезде қарамағындағы жедел уәкілге пышақпен шабуыл жасады деген күдікке ілінген.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу