Алматыда 12 жастағы баланы өлтірген оқушының ата-анасына 86 мың теңге айыппұл салынды
Алматыда 12 жастағы Абылайхан Ержанұлын пышақтап өлтірген 13 жастағы жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылмады. Ол бір жылға арнайы мектеп-интернатқа жіберілген. Ал ата-анасына 86 мың теңге айыппұл салынған. Қаза тапқан баланың туыстары бұл жазаны тым жеңіл деп есептеп, заңды өзгертуді талап етпек, деп хабарлайды Politico.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Оқиға биыл маусым айында Алматыдағы әскери жатақханада болған. Алтыншы сыныпты аяқтаған Абылайханды өзінен бір сынып жоғары оқитын жасөспірім сөйлесуге шақырған. Кездескен кезде оған пышақпен шабуыл жасаған. Бала алған жарақатынан көз жұмды.
Абылайханның анасы Замира Бадалованың айтуынша, екі оқушының арасындағы жанжалға екеуіне де ұнаған қыз себеп болған.
Бастапқыда марқұмға тоғыз рет пышақ сұғылғаны хабарланған. Алайда туыстарының сөзінше, кейін сараптама баланың денесінде 16 пышақ жарақаты болғанын анықтаған.
«Мұны бала жасаған дейді. Бірақ мен оны бала деп есептемеймін. Ол аса қатыгездікпен қылмыс жасады. Бұл кездейсоқ болған жоқ, ол алдын ала дайындалған. Істе түсініксіз тұстар өте көп. Оны бір жылдан сәл астам уақытқа арнайы мекемеге орналастыру туралы шешім шығарды. Біз бұған мүлде келіспейміз. Бір жылдың ішінде ол ештеңе түсінбейді. Осы іске қатысы бар адамдардың бәрі жауапқа тартылғанын қалаймын», – деді Абылайханның анасы Замира Бадалова.
Марқұмның әжесі Сағадат Өсенованың айтуынша, немересін өлтірген жасөспірім алдымен төрт ай психиатриялық ауруханада емделген. Кейін Семей қаласындағы арнайы мектеп-интернатқа жіберілген.
«Менің итімді өлтіргендей болып келіп-кетті. Сонда қалай? 13 жастағы балалардың бәрі 14-ке толмадық деп, адам өлтіре бере ме?» – деп ашынды Сағадат Өсенова.
Жасөспірім қылмыс жасаған кезде 13 жаста болғандықтан, қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған. Қылмыстық іс тоқтатылып, ата-анасына әкімшілік жаза қолданылған.
Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек жасөспірімнің сот шешімімен ерекше режимдегі арнайы мектеп-интернатқа орналастырылғанын растады.
«Қылмыстық істің тоқтатылуы болған оқиға ешқандай салдарсыз қалды дегенді білдірмейді. Жасөспірім мен оның ата-анасына қатысты заңда көзделген шаралар қабылданды. Кәмелетке толмаған бала профилактикалық есепке алынды. Оның жүріс-тұрысы полицияның тұрақты бақылауында болады», – деді Салтанат Әзірбек.
Алайда марқұмның отбасы мұндай шаралар жеткіліксіз деп есептейді. Олар ауыр қылмыс жасаған балаларды жауапқа тарту жасын төмендету қажет деген пікірде.
Адвокат Арман Шәріпов те қылмыстық жауапкершілік жасын 12 жасқа дейін төмендетуді ұсынды.
«Жауапкершілікті 12 жастан бастап енгізу керек. Қазір балалар интернет пен жасанды интеллектіні пайдаланады. 12 жастағы балалардың танымы ересектерден де озық болуы мүмкін. Олар қандай әрекеттің қоғамға қауіпті екенін түсінеді. Сондықтан 12 жаста қылмыс жасаған балалар да тиісті жауапкершілікке тартылуы керек», – деді адвокат.
Қолданыстағы заң бойынша 14 жасқа толмаған бала аса ауыр қылмыс жасаса да, қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды.
Абылайханның отбасы осы талапты өзгерту үшін сотқа жүгінуді жоспарлап отыр. Олар қылмыстық жауапкершілік жасын төмендетіп, кәмелетке толмағандар жасаған ауыр қылмыстарға қатысты заңды қайта қарауды талап етпек.
Соңғы жаңалықтар