Тоқаев қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтап, тәуелсіздіктің қадірі мен ел бірлігінің маңызын ерекше атап өтті.
Президенттің айтуынша, Қазақстан осыдан 35 жыл бұрын Егемендік декларациясын қабылдап, өз тарихында жаңа дәуір бастаған. Сол тарихи құжат арқылы халқымыз өз тағдырын өзі айқындауға мүмкіндік алып, заманауи, тәуелсіз мемлекет құру жолына түсті.
«Қымбатты отандастар! Республика күні құтты болсын! Қазақстан осыдан 35 жыл бұрын Егемендік декларациясын қабылдап, жаңа дәуірге қадам басты. Тарихи құжатта халқымыздың өз болашағын дербес айқындау құқығы нақты көрініс тапты. Сол арқылы бостандықтың байрағын көтеріп, заманауи мемлекет құруымызға жол ашылды. Содан бері еліміз қиын да күрделі жолдан өтті. Біз Тәуелсіздігіміздің саяси-экономикалық тұғырын бекіттік, шекарамызды айқындап, оны бүкіл әлемге таныттық, жаңа астанамызды салдық. Сондай-ақ жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайту, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру жолында зор жетістікке қол жеткіздік. Қазақстан салиқалы әрі сындарлы сыртқы саясатының арқасында өзінің ұлттық мүддесіне адал, халықаралық абырой-беделі жоғары мемлекет ретінде қалыптасты», – делінген президенттің құттықтауында.
Мемлекет басшысы еліміздің алдында тұрған жаңа міндеттерге де тоқталды. Ол қазіргі күрделі кезеңде Қазақстан «Әділетті мемлекет» құру жолында маңызды реформаларды жүзеге асырып жатқанын айтты.
«Біз қазіргі алмағайып замандағы орасан сын-қатерлерге қарамастан, барлық азаматқа бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Саясаттағы, экономика мен әлеуметтік саладағы реформалар Отанымыздың өсіп-өркендеуін қамтамасыз етіп, халқымыздың тұрмыс сапасын арттыруды көздейді. Біз “Заң және тәртіп” қағидатын, “Таза Қазақстан” идеологиясын, отаншылдық пен тілеулестік, еңбекқорлық пен жауапкершілік, білімпаздық пен кәсібилік құндылықтарын қоғамда барынша орнықтырып келеміз. Әр буынның өз миссиясы бар. Осы орайда, бабалар өсиетін ұмытпай, Тәуелсіздігімізді нығайта түсу, Қазақстанды дамыған, әділетті және жасампаз ел ету – бәрімізге ортақ парыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент өз құттықтауын еліміздің болашағы әр азаматтың қолында екенін атап өтіп түйіндеді:
«Қазақстан еселі еңбектің, өзара қолдаудың және мызғымас бірліктің арқасында барлық жоспарымызды табысты жүзеге асырып, жаңа белестерді бағындырады деп сенемін. Еліміздің келешегі – әрқайсымыздың қолымызда. Қазақстанның көк туы әрдайым биікте желбіресін! Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және мол табыс тілеймін!»
Президенттің бұл құттықтауы ел дамуының жаңа кезеңіне деген сенімді нығайтып, қазақстандықтардың ортақ мақсат жолындағы бірлігін тағы бір мәрте айқындады.
Соңғы жаңалықтар