Тоқаев: Уәдесін орындамайтын ауыл әкімі халықтың талабымен жұмыстан шығуы тиіс

28.11.2025 14:38 Әсел Мұрат
Тоқаев: Уәдесін орындамайтын ауыл әкімі халықтың талабымен жұмыстан шығуы тиіс
0
115
Фото: ашық дереккөз

Мемлекет басшысы уәдесін орындамайтын және міндетін дұрыс атқармайтын ауыл әкімдерін қызметінен босату тетіктерін қарастыруды тапсырды, деп хабарлайды Politico.kz.

Тоқаевтың айтуынша, «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңда әкімнің сайлаушылар алдындағы жауапкершілігін нақтылайтын норма жоқ. Ал бұл – дұрыс емес.  

«Әкімдер тұрғындарға сайлау алдындағы бағдарламасының орындалуы туралы жиі есеп беріп тұруға тиіс. Мұны заңмен бекіту керек. Уәдесін орындамайтын, міндетін дұрыс атқармайтын ауыл басшысын қызметінен босату тетіктері қарастырылуы қажет. Ондай әкімдер халықтың талабымен немесе саяси партиялардың ұсынысымен жұмыстан шығарылуға тиіс. Сонда әкім болуға үміткерлер де елге экономикалық негізі жоқ құрғақ уәде бере алмайды. Мұндай жалаң сөздер, яғни популистік әрекеттер халықтың ауыл әкімдеріне, тіпті тұтас сайлау институтына деген сенімін азайтуы мүмкін», - деп мәлімдеді Тоқаев Астанада өткен ауыл әкімдерінің диалог-платформасында.

Президент Үкіметке әкімдердің сайлау алдындағы бағдарламасының экономикалық бөлігіне қойылатын талаптарды айқындау туралы тапсырма берді.

«Сапалы дайындалған бағдарламаны аймақтың даму жоспарымен үйлестіруге болады. Жалпы, осындай шаралар әкімдердің есептілігін күшейтеді. Сондай-ақ өз үміткерлерін ұсынған партиялардың жауапкершілігін арттырады», - деп есептейді мемлекет басшысы. 

Президент ауыл әкімдерінің өкілеттіктерін күшейтуді тапсырды.
 

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий