Тоқаев Украина айналасындағы дағдарысқа қатысты пікір білдірді

Тоқаев Украина айналасындағы дағдарысқа қатысты пікір білдірді
24.09.2025 00:21
0
56

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан дауды ушықтырғаннан гөрі дипломатияға жүгінуді, күш қолданғаннан гөрі диалог жүргізуді жөн деп санайды. Бұл туралы Қазақстан Президенті БҰҰ Бас Ассамблеясы 80-ші сессиясының Жалпы дебатында айтты, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

«Қазақстан бейбіт тұрғындарға орасан зор залал келтіріп, жаһандық сенімге селкеу түсірген және халықаралық қауіпсіздікті әлсіреткен алаңдаулы.

Дегенмен аталған қақтығысты тоқтату үшін екіжақты және халықаралық деңгейдегі дипломатиялық күш-жігерді жалғастырып, қос мемлекет ұзақ мерзімді мүдделеріне сай келетін саяси икемділік көрсетуі керек.

Территориялық дау-дамайды шешу ешқашан оңай болған емес. Ол келешек ұрпақтың қамы үшін екі жақтың да барынша ұстамдылық пен жауапкершілік танытуын талап етеді.

Өшпенділік психологиясы қақтығысқа қатысушы тараптардың бітімге келуіне мүмкіндік қалдырмай, қай-қайсысын да құрдымға жібереді.

Газадағы гуманитарлық дағдарыстың ауқымы тіпті қорқынышты. Оған бей-жай қарау мүмкін емес. Бұл қақтығыстың тарихи тамыры тым күрделі. Біз осы жауласудың түпкі себебін ескерусіз қалдыра алмаймыз. Қазақстан әскери іс-қимылды дереу тоқтатуға, бейбіт тұрғындарды толық қорғауға және халықаралық гуманитарлық құқық аясындағы көмектің кедергісіз жетуін қамтамасыз етуге шақырады.

Біз екі мемлекеттің бейбіт қатар өмір сүруіне негізделген шешімді құптаймыз әрі БҰҰ-ның жетекші рөлін мойындаймыз.

Қазақстан Таяу Шығыстағы өңірлік бітімгерлікке бағытталған Арабтың бейбіт бастамасы, Нью-Йорк декларациясы, Ибраһим келісімі секілді дипломатиялық ұсынымдарды қолдайды.

Егер көшбаcшылық пен саяси ерік-жігер болса, бұл құжаттар араздықты ынтымақтастық пен ортақ игілікке айналдыруға болатынын көрсетеді.

Сондай-ақ біз АҚШ Президентінің араағайындығымен Әзербайжан мен Армения қарым-қатынасының қалыпқа түскенін ерекше ықыласпен қабыл алдық.

Бұл дипломатия мен парасатты шешімнің арқасында ұзақ жылға жалғасқан кез келген қақтығысты реттеуге болатынын дәлелдеді.

Қазақстан осы қағидатқа сүйеніп, дауды ушықтырғаннан гөрі дипломатияға жүгінуді, күш қолданғаннан гөрі диалог жүргізуді жөн деп санайды».

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий