Тоқаев Вашингтоннан ел экономикасын өрге сүйрейтін жобалармен оралды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Америка Құрама Штаттарына сапары аясында бірқатар халықаралық корпорациялармен ірі инвестициялық келісімдер жасалды, деп хабарлайды Politico.kz.
Тәуелсіз The Times of Central Asia басылымының мәлімдеуінше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Вашингтонда халықаралық қаржы институттарымен кездесіп ұзақ мерзімді инвестициялар мен Қазақстанды жаһандық құн тізбегіне қосу мәселелерін талқылады.
Сапардың басты нәтижелерінің бірі ретінде Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Mars корпорациясы арасында 180 миллион долларлық инвестициялық келісімге қол қойылды. Бұл құжат аясында компания Алатау қаласында ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеп үй жануарларына арналған азық-түлік шығаратын зауыт салмақ.
«Қазақстандағы жаңа нысан компанияның Орталық Азия мен көршілес аймақтардағы қатысуын кеңейтуге негіз болады», - деді Mars бас директоры Поул Вейраух.
Денсаулық сақтау саласына қатысты келіссөздер кезінде Ashmore Group өкілдерімен халықаралық клиника салу мәселесі сөз болды. Бұл жоба Ashmore Healthcare International мен Самұрық-Қазына Инвест серіктестігі арқылы жүзеге асып оған Mount Sinai Health System жүйесі оператор ретінде тартылмақ. Мұндай бастама еліміздегі медициналық инфрақұрылым мен туризмді дамыту стратегиясына толық сәйкес келеді.
Тоқаев Boeing басшыларымен кездесуде отандық Air Astana, SCAT және VietJet Qazaqstan әуе компанияларының ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді. 2026 жылдың екінші жартысында Air Astana компаниясы жаңа Boeing 787 Dreamliner ұшақтарын қабылдап Қазақстан мен Америка арасында тікелей рейстер ашуды жоспарлап отыр. Ал SCAT әуе компаниясы қосымша ұшақтар сатып алып америкалық серіктестермен бірлесіп Шымкент әуежайында техникалық қызмет көрсету орталығын ашуды қарастыруда.
Сапар соңында АҚШ Халықаралық дамуды қаржыландыру корпорациясының басшысы Бен Блэк Вашингтон Қазақстанды Еуразиядағы негізгі серіктес деп санайтынын хабарлады. Тараптар тау-кен саласы мен аймақтық сауда үшін маңызды көлік-транзит инфрақұрылымын дамыту жобаларын талқылады. Біріккен Ұлттар Ұйымының биылғы есебіне сәйкес Қазақстан Орталық Азиядағы тікелей шетелдік инвестициялар бойынша көш бастап тұр. Өткен жылы елімізге 151 миллиард доллар тартылып бұл көрсеткіш көршілес Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінің жалпы нәтижесінен әлдеқайда асып түсті. Вашингтондағы келіссөздер Қазақстанның нарықтағы тұрақтылығын көрсетіп ұзақ мерзімді институционалдық серіктестік құруға бағытталғанын дәлелдейді.
Бұған қоса президент Вашингтонда өткен Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысына қатысып Газа секторын қалпына келтіруге және бітімгершілік бастамаларға қаржылай үлес қосуға дайын екенін мәлімдеді.
Соңғы жаңалықтар