Тоқаев жаңа чемпионды құттықтады: Марат Байқамұров - «Қазақстан барысы – 2025» жеңімпазы

Тоқаев жаңа чемпионды құттықтады: Марат Байқамұров - «Қазақстан барысы – 2025» жеңімпазы
18.10.2025 23:40
0
684
фото: «Қазақстан барысы» турнирі

Марат Байқамұров «Қазақстан барысы – 2025» жеңімпазы атанды, деп хабарлайды politico.kz.

Астана. 18 қазан. Елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өткен «Қазақстан барысы – 2025» республикалық турнирі өз мәресіне жетті. Ақтық сында былтырғы жеңімпаз Ерасыл Қажыбаевты жеңген «Әскер Барысы» командасының өкілі Марат Байқамұров жаңа чемпион атанды.

Жарыс аяқталған соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жеңімпазды құттықтап, жеделхат жолдады.

«Марат Байқамұровты қазақ күресінен «Қазақстан барысы – 2025» турниріндегі жарқын жеңісімен құттықтаймын!

Ол тамаша өнер көрсетіп, жанкүйерлер көңілінен шықты.

Мемлекет қазақ күресінің дамуына алдағы уақытта да қолдау көрсете береді», - делінген Ақорда хабарламасында.

Биыл 14-ші рет ұйымдастырылған дүбірлі доданың финалы өте тартысты өтті. Нәтижесінде жүлделі орындар келесідей бөлінді:

1-орын: Марат Байқамұров («Әскер Барысы» командасы)

2-орын: Ерасыл Қажыбаев (2024 жылғы жеңімпаз)

3-орын: Нұрдәулет Жарылғапов (Маңғыстау облысы)

Турнирдің жалпы жүлде қоры 27 миллион теңгені құрады. Жеңімпаз атанған Марат Байқамұров 15 миллион теңге көлеміндегі бас жүлдені иеленді. Екінші орын алған Ерасыл Қажыбаевқа 3,3 миллион теңге, ал үшінші орынға табан тіреген Нұрдәулет Жарылғаповқа 1,08 миллион теңге табысталды. Сонымен қатар, турнир ережесіне сәйкес, әрбір жеңген белдесуі үшін балуандарға 100 000 теңгеден қосымша сыйақы берілді.

Айта кетейік, биылғы жарысқа еліміздің барлық өңірінен іріктеліп келген, сондай-ақ «Әскер Барысы» турнирінің жеңімпаздары мен өткен жылғы чемпионды қосқанда, жалпы саны 43 балуан қатысып, бақ сынады.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий