Тоқаев Жапонияға жаңа елші тағайындады
12 желтоқсан 2024 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияға жаңа елші тағайындады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
"Ақорданың" мәліметінше, Ерлан Кеңесұлы Баударбек-Қожатаев Қазақстан Республикасының Жапониядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды. Сонымен қатар, ол Грекия Республикасындағы елші қызметінен босатылды.
Бұрынғы елші Сабыр Есімбеков Қазақстанның Жапониядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен босатылды.
Ерлан Баударбек-Қожатаев 1967 жылы дүниеге келген. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Азия және Африка елдері институтын, Жапонияның Кита-Уравадағы Жапон тілі институтын және Окинава халықаралық орталығын бітірген.
Дипломатиялық мансабында Азия және Африка департаментінде жұмыс істеп, Жапониядағы Қазақстан елшілігінде бірінші хатшы, кеңесші, сондай-ақ Сингапур, Австралия және Жаңа Зеландияда елші қызметін атқарды.
2016-2021 жылдары Қазақстанның Жапониядағы елшісі болып қызмет етті. 2021 жылдан бері Грекия Республикасындағы елші қызметін атқарып келді.