Тоқаев «жеңіл ақша» мен сән-салтанатты өмірді дәріптеуді қатаң сынады
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы ысырапшылдық пен «жеңіл ақша» культін айыптап, журналистерді ұлтты өркениетке жетелейтін шамшырақ болуға шақырды, деп хабарлайды Politico.kz.
Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне үндеу жасап, жастарға жасампаз еңбек пен ішкі мәдениеттің нағыз үлгісін көрсету маңызды екенін атап өтті.
"Өйткені бұл өскелең ұрпақты адастырып, олардың дүниетаным құндылықтары мен өмірлік мұратына теріс ықпал етеді. Жастар медиакеңістіктен ысырапшылдық пен мәнсіз ырду-дырдуға толы алдамшы өмірді емес, керісінше, жасампаз еңбектің, адал табыстың, ішкі мәдениеттің нағыз үлгісін көруі керек. Бүгінгі журналистер екі маңызды рөлді қоса атқаруға тиіс: яғни олар шындықты боямасыз көрсететін айна, сонымен қатар ұлтты өркениетке жетелейтін ағартушылық жолдағы шамшырақ болуы керек", — деді Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде.
Сондай-ақ ол заманауи мемлекет құру барысында ұлттық құндылықтар мен қарапайым әдеп қағидаларын ұмытпау керектігіне назар аударды.
"Қазір біз біртұтас ұлт болып, өркендеген, заманауи, яғни озық мемлекет құрып жатырмыз. Бірақ бұл – төл құндылықтарымызды ұмыту деген ұғым емес. Біз жұртымызға тән игі қасиеттерді жаңғырта түсуіміз керек. Мұны азаматтарымыз, әсіресе, жастарымыз терең түсінуі қажет. Мәдениеті жоғары елдің әлемдегі мәртебесі де, беделі де биік болары айқын. Ал нағыз мәдениет үйде де, түзде де әдеп сақтау, көпшілік ортада өзін дұрыс ұстау, басқа адамдарды құрметтеу, сыйлау сияқты қарапайым қағидалардан басталады", — деді мемлекет басшысы.
Президент қазақ халқының қашанда үлкенге құрмет көрсетіп, қиналғанға демеу болғанын еске салып, қоғамда адамның ар-намысына нұқсан келтіретін әрекеттерге жол бермеуді талап етті.
"Қазақ халқы әдептен аттамаған, әрдайым үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген. Жақынына жанашыр көзбен қарап, жығылғанға демеу, сүрінгенге сүйеу болған. Біздің шынайы болмысымыз – осы. Сондықтан адамның ар-намысына нұқсан келтіретін, қауіпсіздігіне қатер төндіретін кез келген әрекетке жол бермеу қажет. Біз озық ел ретінде қоғамда салт-дәстүрімізге негізделген өркениетті этикалық нормаларды орнықтыра түсуіміз керек. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Осы бағыттағы жұмысты күшейту – айрықша маңызы бар міндет. «Қалам елді түзейді» деген сөз бекер айтылмаған. Осы орайда, біз сіздерге – журналистер қауымына зор үміт артамыз. Ақпарат саласының қызметкерлері қашанда ұлт сапасын жақсартатын құндылықтарды дәріптеу ісіне белсене атсалысуы қажет деп санаймын", — деді Президент.
Рәсім соңында Қасым-Жомарт Тоқаев отандық журналистиканың дамуына елеулі үлес қосқан бір топ БАҚ қызметкерін мемлекеттік наградалармен марапаттады.
Соңғы жаңалықтар