Тоқаевтың 2005 жылғы сұхбаты жарияланды, ол төңкеріс пен сыртқы араласу туралы не деді

11.09.2026 18:08 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Тоқаевтың 2005 жылғы сұхбаты жарияланды, ол төңкеріс пен сыртқы араласу туралы не деді
292
Фото: Бейнеден кадр

ҚР Президентінің Телерадиокешені Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2005 жылы берген сұхбатынан 2 архивтік үзінді жариялады. Ол кезде Тоқаев Қазақстан төңкеріс емес, эволюция жолымен дамуы керек екенін және елдегі мәселелерді сыртқы араласусыз шешуге болатынын айтқан, деп хабарлайды Politico.kz.

2005 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Сыртқы істер министрі қызметін атқарған. Ақорданың мәліметіне сәйкес, ол осы қызметте жүрген кезде ядролық қаруды таратпау жөніндегі жаһандық процеске белсенді қатысқан.

Архивтік сұхбаттың алғашқы үзіндісінде Тоқаев Қазақстанның даму жолы туралы пікірін білдірген.

«Қазақстан төңкеріс жолымен емес, бұл менің терең сенімім, эволюция жолымен дамуы керек. Гарвардта Қазақстанның даму жолын эволюциялық деп, ерекше жол деп атауы кездейсоқ емес. Өйткені біз мұндай төңкерістерге, дүрбелеңдер мен катаклизмдерге жол бере алмаймыз», – деген Қасым-Жомарт Тоқаев.

Екінші үзіндіде сол кездегі Сыртқы істер министрі ел ішіндегі мәселелерді сыртқы күштердің араласуынсыз шешу туралы айтқан.

«Әр елдің өз қиындықтары бар және бұл қиындықтарды шешуге болады. Меніңше, еліміздегі мәселелерді сырттан араласусыз, пікір алмасу, диалог және ұлттық күш-жігер деп аталатын тәсіл арқылы шеше аламыз», – деген Тоқаев.

Бұл пікірлерді Қасым-Жомарт Тоқаев 2005 жылы, Қазақстанның Сыртқы істер министрі қызметін атқарып жүрген кезінде айтқан.

Войдите, чтобы оставить комментарий