Тоқаевтың құттықтауы және Түрксой марапаты. Қазақ поэзиясының «Аққуы» 90 жасқа толды

25.08.2026 18:22 Қанат Айбар
Тоқаевтың құттықтауы және Түрксой марапаты. Қазақ поэзиясының «Аққуы» 90 жасқа толды
202
Фото: adebiportal.kz

Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті ақын Марфуға Айтхожа 90 жасқа толды, осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау жеделхатын жолдап, ал Түрксой ұйымы қаламгерге «Хакім Абай» алтын медалін табыстайды, деп хабарлайды Politico.kz.

Мемлекет басшысы өз құттықтауында ақынның ғибратты ғұмырын ұлттық әдебиет пен мәдениетті дамытуға арнағанын ерекше атап өтті. Президенттің сөзіне қарағанда, қаламгер жырларында қазақ даласының тарихы, елдің ынтымағы мен салт-дәстүрі кеңінен көрініс тапқан.

Сонымен қатар ақынның мерейтойы қарсаңында Түрксой Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет оған халықаралық деңгейдегі жоғары марапат берілетінін мәлімдеді.

«Түрксой Жазушылар одағының және күллі түркі тілдес қаламгерлердің атынан апамызды мерейтойымен құттықтай отырып, «Хакім Абай» алтын медалімен марапаттаймыз және төсбелгісін өңіріне тағамыз», – деді Ұлықбек Есдәулет.

Төраға сондай-ақ ақынның әдеби ортадағы «Аққу» лақап аты Сайрам көлінің құстарына қызығушылықтан туғанын, ал Марфуға есімі Меккедегі биіктік мағынасын беретін Мәруа тауының құрметіне қойылғанын қосып өтті. Бұл есімді қажылықтан оралған атасы Айтқожа берген екен.

Қаламгер 1936 жылы 25 тамызда Қытайдың Құлжа қаласында дүниеге келген. Оның отбасы кеңестік қуғын-сүргін жылдарында қатты зардап шегіп, Алматыға айдалған әкесі кейін Қытайға өтуге мәжбүр болған. Жастайынан қиындық көрген ақын 1957 жылы анасынан, ал кейінірек өмірлік жары мен ұлынан айырылып, ауыр қайғысын өлеңдеріне арқау еткен. Мәселен, анасының қабіріне барған сапарынан соң оқырмандарға танымал «Жапырақ сілкінген кеш» атты жыр жинағы дүниеге келген.

Тарихи отанына 1958 жылы оралған Марфуға Айтхожа Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдап, «Қазақ әдебиеті» мен «Қазақстан мұғалімі» газеттерінде ұзақ жылдар еңбек еткен. Бүгінге дейін оның 40-тан астам кітабы жарық көріп, шығармалары әлемнің қырықтан астам тіліне аударылған. 2002 жылы «Аңсау» жинағы үшін Мемлекеттік сыйлыққа ие болған ол отандық және шетелдік композиторлардың да сүйікті авторларының бірі саналады.

Войдите, чтобы оставить комментарий