Тоқаевтың сынынан кейін Шымкент полициясына жаңа басшы тағайындалды

05.02.2026 16:01 Арман Ермеков
Тоқаевтың сынынан кейін Шымкент полициясына жаңа басшы тағайындалды
515
фото-коллаж: politico.kz

Шымкент қаласы полиция департаментінің жеке құрамына жаңа бастық таныстырылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов арнайы жұмыс сапарымен Шымкентке келіп, жиын өткізді. Ол мегаполис полициясының жаңа басшысы етіп полиция генерал-майоры Мұхтар Жұмабайұлы Қожаевты тағайындады.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда Шымкенттегі соңғы оқиғаларға байланысты министрлікке сын айтып, арнайы тапсырма берген еді. Қызметтік тексеріс нәтижесінде қаладағы құқықтық тәртіпті дұрыс қамтамасыз ете алмағаны үшін алдыңғы департамент бастығы мен оның орынбасарлары қызметтен қуылған болатын. Сондай-ақ аудандық бөлім басшылары да органдардан шығарылды.

Жаңа басшы Мұхтар Қожаев бұған дейін Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаментін басқарған. Ол еңбек жолын 1999 жылы Маңғыстау облысында тергеуші болып бастап, кейін Ақтау қалалық ішкі істер басқармасында және Қостанай облысында басшылық қызметтер атқарған. Тәжірибелі маман ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.

Министр қала әкімі Ғабит Сыздықбековпен бірге өткізген жиында қаладағы криминогендік ахуалға алаңдаушылық білдірді. Тексеріс барысында анықталған кемшіліктерге байланысты тағы да кадрлық шешімдер қабылданды. Өз міндетін дұрыс атқармағаны үшін Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы мен бөлім басшысы қызметтерінен босатылды.

Ержан Сәденов жеке құрамнан заңдылық пен тәртіпті қатаң сақтауды талап етті. Ол сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, қылмысқа дер кезінде ден қою және жол қауіпсіздігін күшейту керектігін ескертті. Қазір министрдің нұсқауымен қалалық полиция бөлімшелерінде кешенді тексеріс басталды.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться



Войдите, чтобы оставить комментарий