"Тоқал алуды да ұсындым": Өмірқұл Айниязовтың жары ағынан жарылды

08.05.2026 17:00 Мөлдір Қайнар
2762
Фото: ашық дереккөз

Қазақстандық әнші Өмірқұл Айниязовтың жары Фарида Айниязова отбасының ең қиын кезеңдерін еске алып, ұзақ жылдар бойы ана атануды армандағанын айтты. Ол бұл туралы «Менің өмірім» бағдарламасына берген сұхбатында баяндады, деп хабарлайды Politico.kz caravan.kz сайтына сілтеп. 

Фарида Айниязованың сөзінше, тұңғыш ұлдары Нұртуған дүниеге келгеннен кейін ұзақ уақыт бойы сәби сүйе алмаған. Алғашында ерлі-зайыптылар бұл жағдайға алаңдамағанымен, уақыт өте келе мәселе денсаулыққа байланысты екені белгілі болған.

«21 жыл күттік. Менің сенімім мықты болды. Пенде болған соң асығамыз. Бірақ ағаштың жапырағының өзі Алланың қалауысын жерге түспейді. Құдайдың бұйрығы 21 жылға созылып, бізге сынақ болды. Оңай болған жоқ. Қиын кезеңдер де, түсінбеушіліктер де болды. Бірақ ұстасқан қолымыз ажыраған жоқ», – дейді Фарида Айниязова.

Ол ана болуға деген үміті ешқашан үзілмегенін айтып, ұзақ уақыт ем қабылдағанын жеткізді. Соның нәтижесінде 21 жылдан кейін қызы Айсезімді дүниеге әкелсе, араға 2,5 жыл салып Айсұлтан өмірге келген.

Сұхбат барысында Фарида Айниязова бір кездері жолдасына тоқал алуды өзі ұсынғанын да жасырмады. Оның айтуынша, күйеуінің балаға қатысты уайымы жүрегіне қатты бататын болған.

«Бір кездері, 16-17 жыл күткеннен кейін тіпті “тоқал аласың ба?” деп те айттым. Өмекеңнің көпбалалы әке болғанын қаладым. “Уақыт өтіп жатыр, жасымыз да келді” деп өзім бастадым. Сонда ол кісі “сенсіз өмірімді елестете алмаймын. Егер бізге Құдай бала бермесе, оны тағдырымыз деп қабылдаймын” деді. Сол жерде қатты жылап жібердім», – деп бөлісті ол.

Фарида Айниязова бүгінде бұл сынақтың бәрі артта қалғанын айтып, қазіргі бақытты күндерін Алланың сыйы деп қабылдайтынын жеткізді.

Войдите, чтобы оставить комментарий