"Тойымды ішіп алып жүргізді, адам менсінбейді": Нұржан Төлендиевтің кісілігі желіде сөз болды

Желі қолданушылары танымал әзілкеш әрі шоумен Нұржан Төлендиевтің тойдағы әрекетіне қатысты сыни пікірлерін білдіруде, деп хабарлайды POLITICO.KZ Skifnews.kz ақпарат порталына сілтеме жасап.
Threads әлеуметтік желісінде бір қолданушы тойда болған жағдайды баяндап, Төлендиевтің фонограммамен ән айтқанын сынға алды. Оның айтуынша, әзілкеш жанды дауыста өнер көрсетпей, дайын фонограммамен шыққан. Бұл жайт желі қолданушылары арасында наразылық тудырып, Төлендиевтің кәсіби ұстанымына қатысты күмән тудырды.
Пікір авторы шетелдік жұлдыздарды мысалға келтіріп, олардың өнерге деген адалдығын жоғары бағалады. Мәселен, Дженнифер Лопес секілді әлемдік деңгейдегі әншілер әрдайым жанды дауыста өнер көрсетеді және өз кәсібіне барынша жауапкершілікпен қарайды. Бұл салыстыру отандық эстрада жұлдыздарының тыңдарман алдындағы жауапкершілігіне қатысты мәселелерді қайта көтеріп отыр.
Көптеген желі қолданушылары Нұржан Төлендиевтің бұған дейін де көрермен алдында өзін кәсіби емес ұстағанын жазып, түрлі оқиғалармен бөлісті. «Туканың кісілігі баяғыдан белгілі, шіренгенде елдің төбесінен қарап тұрғандай», – десе, тағы біреулер «тойымды жүргізуге шақырдым, ішіп келді де, уәде берген әнін айтпастан кете барды» деп жазды. Бұған қоса, әзілкештің жиі қолын қалтасына салып, салғырт мінез танытатынын да тілге тиек еткендер болды.
Бұл жағдай шоу-бизнес өкілдерінің халық алдындағы беделі мен жауапкершілігі жайлы пікірталасты қайта жандандырып отыр. Тыңдарман мен көрерменнің талап деңгейі өсіп келе жатқан заманда, өнер иелерінен шынайы әрі сапалы өнім күтілетіні анық.
Соңғы жаңалықтар





