Тозған жабдық пен жасырын жарақат: Қазақстан кәсіпорындарындағы апаттар қалай азайып жатыр?
Биылғы жылдың алғашқы бес айында Қазақстандағы қауіпті өндірістік нысандарда 5 адам қаза тауып, жазатайым оқиғалар айтарлықтай қысқарды, деп хабарлайды Ranking.kz аналитикалық порталы.
2025 жылдың осы кезеңінде 15 адам көз жұмса, биыл құрбандар саны үш есеге азайып, зардап шеккендер 8 адамнан 6 адамға дейін төмендеді.
Дегенмен мамыр айында «Востокцветмет» пен «Казцинк» сияқты ірі компанияларда қайғылы жағдайлар қайталанды. Төтенше жағдайлар министрлігінің дерегінше бұған тозған жабдықтар мен еңбек жағдайының дұрыс ұйымдастырылмауы себеп болған. Мәселені шешу үшін сәуір айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіруге бағытталған заңға қол қойды. Бұл құжат жұмыскерлердің кінәсін азайтып, арнайы комиссиялардың құзыретін кеңейтеді.
Жалпы алғанда Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша 2025 жылы ел кәсіпорындарында 2,3 мың адам зардап шегіп, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 12,3%-ға аз болған. Сонымен қатар 2,1 мың адам әртүрлі жарақат алып, қаза тапқандар саны 0,5%-ға төмендеді. Ең көп зардап шеккендер тау-кен секторы дамыған Шығыс Қазақстан (287 адам), Қарағанды (277 адам) және Ұлытау (252 адам) облыстарында тіркелген. Қайғылы оқиғалардың басым бөлігі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі, онда 796 адам жарақат алып, 35 жұмысшы көз жұмған. Одан кейінгі орындарда кен өндіру (380 адам жарақаттанып, 19 адам қаза тапты), құрылыс (198 адам), денсаулық сақтау (189 адам) және логистика (149 адам) салалары тұр.
Ресми статистикадан бөлек Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс берушілер жауапкершіліктен жалтарып, фактіні бұрмалайтын жасырын жарақаттану жағдайларын да бақылауға алды. Мамыр айының басында осындай 39 факт анықталса, оның 46%-ы немесе 18 жағдайы жеке қызмет көрсету саласына тиесілі болып шықты. Сондықтан мемлекеттік бақылау тек ірі зауыттарға ғана емес, шағын және орта бизнеске де күшейтіліп, олар үшін тәуекелдерді бағалаудың жеңілдетілген тәртібі енгізіліп жатыр.
Еліміздегі өндірістік қауіпсіздікке бірнеше ведомство жауап береді. Төтенше жағдайлар министрлігінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті 2025 жылы бұзушылықтары үшін 1,8 мың кәсіпорынның жұмысын уақытша тоқтатты, бұл 2024 жылғы 445 нысанмен салыстырғанда төрт есеге көп. Министр Шыңғыс Арыновтың мәліметінше биыл барлық компанияларды қамтитын жаңа бақылау тетігі іске қосылып, ұлттық заңнама Халықаралық еңбек ұйымының стандарттарымен үйлестірілуде. Қазіргі уақытта «е-ТМЖ» цифрлық платформасы әзірленіп жатыр, ол жыл соңына дейін Денсаулық сақтау, Әділет, Қаржы министрліктері мен Бас прокуратураның ақпараттық жүйелерімен біріктірілмек.
Сондай-ақ Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп 55 шахта мен кен орнын тексеру кезінде олардың 10 нысанында төтенше жағдай кезінде жұмысшыларды іздеу жүйесі жоқ екені белгілі болды. Қазір 3 ұйым басшылығымен тиісті келісімдер жасалып, 5 мекеме техникалық шешімдер іздестіруде, ал қалған 45 нысанда жабдықтарды жаңарту қажет. Осы орайда еңбек нарығын көлеңкеден шығару және жұмыскерлерді заңды түрде ресімдеу мәселесі басты назарда тұр.
«Қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр, оның ішінде олардың қызметін заңдастыру және сақтандыру жүйесімен қамту қарастырылған. Бүгінгі таңда жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырумен 118 мың кәсіпорын қамтылған, бұл жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалардың жалпы санының 68%-ын құрайды. 19 мың ұжымдық шарт цифрландырылды, бұл өткен жылдың көрсеткішінен екі есе көп. Жыл басынан бері 170 профилактикалық бақылау тексеруі жүргізілді, ал 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қамту 2,5 есе артқан», — деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев.
Министрлік мамандары қазіргі таңда 98 мың кәсіпорынға цифрлық мониторинг жүргізіп, еңбек тәуекелдерінің картасын жасады. Оның ішінде 2,3 мың компания жоғары қауіптілік санатына, тағы 3,2 мың ұйым орташа тәуекел санатына енген. Жұмыс берушілердің формалды көзқарасы мен ескі жабдықтарды пайдалану мәселесі әлі де өзекті болғандықтан, мемлекет заңнамалық деңгейде кешенді бағалау жүйесін енгізіп, өндірістік жарақаттануды алдын ала ескерту арқылы толықтай болдырмауды көздеп отыр.
Соңғы жаңалықтар