“Тыңшылық жасады”: Астанадағы профессордың ісіне қатысты жаңа ақпарат шықты

02.09.2026 23:19 Қарақат АСЫЛОВА
“Тыңшылық жасады”: Астанадағы профессордың ісіне қатысты жаңа ақпарат шықты
397
Фото: ВВС

Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті Астанада ұсталған Өзбекстан азаматы, профессор Икболджон Корабоевқа қатысты істің кейбір мән-жайларын түсіндірді, деп хабарлайды Politico.kz сайты Kursiv.Мedia-ға сілтемемен.

Ведомствоның мәліметінше, Өзбекстан тарапы оның ұсталғаны туралы дипломатиялық арналар арқылы ресми түрде хабардар болған.

ҰҚК сотқа дейінгі тергеуге қатысты қосымша ақпарат беруден бас тартты. Комитет бұл ұстанымын Қазақстан Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабымен түсіндірді. Аталған нормаға сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жиналған деректер заңда көзделген жағдайларды қоспағанда жария етілмейді.

«ҚР заңнамасына сәйкес, Өзбекстан тарапы дипломатиялық арналар арқылы ресми түрде хабардар етілді», – деп жауап берген ҰҚК.

Сонымен қатар ведомство профессордың қазіргі процестік мәртебесін, оған қатысты қылмыстық іс қандай бап бойынша қозғалғанын және нақты қандай күдік бар екенін жарияламады.

Бұған дейін BBC Икболджон Корабоевтың Қазақстанда ұсталғанын хабарлаған. Басылым мәліметінше, 46 жастағы Өзбекстан азаматы Астанадағы Мақсұт Нәрікбаев университетінде халықаралық қатынастардан дәріс берген. Ол 3 шілдеден бері қамауда отырған болуы мүмкін.

BBC-ге профессордың туыстарының бірі оның үйіне бірнеше азаматтық киімдегі адамның келгенін айтқан. Олардың Корабоевқа тыңшылық жасады деген күдік барын жеткізгені хабарланды.

Профессордың жақындары істі Қазақстан Қылмыстық кодексіндегі «Шпионаж» бабымен байланыстырады. Алайда бұл ақпаратты Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті ресми түрде растаған жоқ.

Корабоев Астанада жұбайы және үш кәмелетке толмаған баласымен тұрған. Қазіргі таңда оның ісіне қатысты нақты күдік пен қылмыстық істің бабы ресми түрде жарияланған жоқ.

ҰҚК әзірге тек сотқа дейінгі тергеудің жүріп жатқанын және Өзбекстан тарапының дипломатиялық арналар арқылы хабардар етілгенін растады.

Войдите, чтобы оставить комментарий