Трамп әлемнің ең бай адамдарына 200 млрд шығын келтірді

АҚШ президентінің шешімі әлемнің ең бай адамдарына 200 миллиард доллардан астам шығын әкелді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
АҚШ президенті Дональд Трамптың бірқатар елдерге қатысты импорттық баж салығын енгізу туралы шешімінен кейін арада небәрі 24 сағат өткенде, әлемдегі ең бай адамдар жалпы сомасы 208 миллиард доллардан айырылды. Бұл туралы Bloomberg агенттігінің деректеріне сілтеме жасап Oxu.Az хабарлайды.
2025 жылдың 3 сәуірінде, бейсенбі күні, әлемнің 500 ең ауқатты адамының жиынтық байлығы бір күнде рекордтық деңгейде қысқарды. Бұл жағдай Трамптың тарифтері жаһандық нарықтарда дүрбелең туғызып, күрт құлдырауға себеп болғаннан кейін орын алды.
Bloomberg атап өткендей, бұл — рейтинг жүргізіліп келе жатқан 13 жыл ішіндегі ең ірі төртінші құлдырау және COVID-19 пандемиясының шарықтау кезеңінен кейінгі ең ауқымдысы.
Ең көп шығынға ұшырағандар — АҚШ миллиардерлері, олардың қатарында:
Марк Цукерберг (Meta Platforms Inc., бұрынғы Facebook) – 17,9 миллиард доллар жоғалтты;
Джефф Безос (Amazon.com Inc.) – 15,9 миллиард доллар;
Илон Маск (Tesla) – 11 миллиард доллар;
Бернар Арно (LVMH, люкс брендтер иесі) – 6 миллиард доллар.
Дональд Трамптың импорттық баж салығын енгізу арқылы америкалық өндірушілерді қорғауға бағытталған шешімі жаһандық нарықтарда домино эффектін тудырып, әлемдік миллиардерлерге айтарлықтай қаржылық соққы берді. Қазіргі таңда бұл кері үрдістің қанша уақытқа созылатыны және АҚШ-тың протекционистік саясатының ғаламдық экономикаға тағы қандай салдары болатыны әзірге белгісіз.
Соңғы жаңалықтар





