Трамп Путинмен әңгімесін жариялады

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен ұзақ әңгіме өткізгенін мәлімдеді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
«Мен жаңа ғана Ресей президенті Владимир Путинмен ұзақ әрі өте жемісті телефон әңгімесін өткіздім. Біз Украина, Таяу Шығыс, энергетика, жасанды интеллект, доллардың ықпалы және басқа да көптеген тақырыптарды талқыладық», – деп жазды Трамп Truth Social желісінде.
Сондай-ақ ол екі елдің тарихына тоқталып, Екінші дүниежүзілік соғыста АҚШ пен Ресей бірлесіп жеңіске жеткенін еске алды.
«Біз екі елдің күші мен болашақта бірге жұмыс істеудің үлкен артықшылықтары туралы сөйлестік. Бірақ ең алдымен, біз соғыстағы жаппай өлімдерді тоқтатуымыз керек деп келістік. Президент Путин тіпті менің "ЗДРАВЫЙ СМЫСЛ" сайлауалды ұранымды қолданды. Біз екеуіміз де осыған сенеміз», – деді ол.
Трамп пен Путин өзара сапарлар ұйымдастырып, келіссөздер бастауға келіскен. Бірінші қадам ретінде Трамп Украина президенті Владимир Зеленскийге хабарласатынын мәлімдеді.
«Мен Мемлекеттік хатшы Марко Рубио, ЦРУ басшысы Джон Рэтклифф, ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Майкл Уолц және арнайы өкіл Стив Уиткоффқа келіссөздерді басқаруды тапсырдым. Мен бұл процестің сәтті болатынына сенемін», – деді Трамп.
Ол соғыс кезінде миллиондаған адамның қаза тапқанын атап өтті.
«Бұл соғыс мен президент болғанда болмас еді. Бірақ ол болды, енді оны тоқтату керек. Біздің енді адам шығынына жол беруге құқымыз жоқ!», – деп мәлімдеді ол.
Сондай-ақ, Трамп Путинге Марк Фогельді босатқаны үшін алғыс айтты.
«Мен президент Путинге осы әңгімені өткізуге уақыт бөлгені үшін алғыс айтамын, сондай-ақ кеше Марк Фогельді босатқанын жоғары бағалаймын. Мен бұл келіссөздер табысты болады деп сенемін, және ол жақын арада аяқталады деп үміттенемін!», – деді Трамп.
Соңғы жаңалықтар





