Трамп қолдаған Қазақстандағы жобаға АҚШ ақша бөлуге асықпай отыр
Қазақстандағы ірі вольфрам жобасына АҚШ-тан бөлінеді делінген 1,6 миллиард доллардың тағдыры белгісіз болып қалды. Америкалық екі мемлекеттік қаржы ұйымы әзірге бұл жобаны қаржыландыруға келісім беруге дайын емес. Бұған Қазақстанның Қытай мен Ресейге көрші орналасуы да әсер етіп отыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Bloomberg агенттігіне сілтеме жасап, экономист Арман Батаев өзінің Finmentor.kz Telegram арнасында жазды.
Әңгіме Қазақстанда вольфрам өндіруді жоспарлап отырған Cove Kaz Capital компаниясының жобасы туралы. Оны қаржыландыруға АҚШ-тың Экспорт-импорт банкі (EXIM Bank) мен Халықаралық даму қаржы корпорациясы (DFC) қызығушылық танытқан.
Bloomberg дереккөздерінің айтуынша, америкалық қаржы ұйымдары жобаның болашағына күмәнмен қарайды. Сондай-ақ Қазақстанның Қытай және Ресеймен көршілес болуы геосаяси тәуекел ретінде қарастырылып отыр.
Бастапқы жоспар бойынша EXIM Bank 900 миллион доллар, ал DFC 700 миллион доллар бөлуі мүмкін еді. Екі ұйым да 2025 жылы жобаға қызығушылық білдірген хат берген. Алайда мұндай құжат қаржы міндетті түрде беріледі дегенді білдірмейді.
DFC өкілі корпорацияның қазір бұл келісімді белсенді түрде қарастырып жатпағанын мәлімдеген. Оның айтуынша, Cove Kaz Capital қаржыландыруға өтінімді қараудың төрт кезеңінің әлі біріншісінде тұр.
Ал EXIM Bank берген хаттың мерзімі тамызда аяқталған. Компания оны ұзартуды сұрағанымен, банк бұл мәселеге қатысты түсініктеме беруден бас тартқан.
Негізі, бұл жобаға Дональд Трамп әкімшілігінің өзі қолдау білдірген. Себебі АҚШ Қытайдан жеткізілетін вольфрамға тәуелділігін азайтуды көздейді. Вольфрам зымырандар мен артиллериялық снарядтар өндірісінде де қолданылады.
Дегенмен Cove Kaz Capital басшылығы қаржыландыру мәселесінде айтарлықтай қиындық көріп отырғанын мойындамайды.
Компанияның директорлар кеңесінің төрағасы Пини Альтхаустың сөзінше, америкалық шенеуніктер жобаға қолдау білдіруді жалғастырып жатыр. Ал қаржы алуға ресми өтінім 2027 жылы түпкілікті техникалық-экономикалық негіздеме дайын болғаннан кейін ғана беріледі. Компания оған дейін қарыз қаражаты қажет емес екенін айтады.
Осы арада Cove Kaz Capital АҚШ қор нарығына шығуға дайындалып жатыр. 2 қарашада компания Kaz Resources атауымен америкалық биржаға шығу жоспарын жариялады.
Оған қоса, Трамп отбасымен байланысы бар American Ventures компаниясы жобаға 32 миллион доллар инвестиция салуға міндеттеме алған.
Cove Kaz Capital есебінше, бұл келісім компанияның құнын 1,97 миллиард долларға жеткізеді. Бұл бұрынғы бағалаудан 76 пайызға жоғары.
Ал The Wall Street Journal мәліметінше, АҚШ президентінің ұлдары Дональд Трамп кіші мен Эрик Трамп компанияның 1 пайыздан аз үлесіне ие болуы тиіс. Олардың өкілі ағайындылардың компанияны басқаруға қатыспайтынын мәлімдеген. Cove Kaz Capital да Трамптың ұлдары Қазақстандағы келісімді жасауға араласпағанын алға тартады.
Айта кетейік, бұған дейін The New York Times газеті АҚШ пен Қазақстан арасындағы әлемдегі ең ірі вольфрам кен орындарының бірін игеру жөніндегі келісімге қатысты ауқымды зерттеу жариялаған еді.
Cove Kaz Capital компаниясы Қазақстаннан АҚШ-қа вольфрамды ұзақ мерзімді жеткізуді 2031 жылдан бастауды жоспарлап отыр.
Соңғы жаңалықтар