Алматыда экоблогер, «Байтақтың» экс-хатшысы ұсталды – БАҚ
Алматыда белгілі эколог, блогер және «Байтақ» жасылдар партиясының бұрынғы хатшысы Ерлан Қыдырбаев ұсталды. Оған ғылыми гранттар аясында бөлінген мемлекет қаражатын ірі көлемде жымқырды деген күдік келтіріліп отыр. Алдын ала есеп бойынша, мемлекетке келтірілген шығын шамамен 150 миллион теңгені құрайды. Бұл туралы журналист Михаил Козачков Kazachkov offside Telegram-арнасында жазды, деп хабарлайды Politico.kz.
Журналистің мәліметінше, 50 жастағы эколог-кәсіпкерге қатысты қылмыстық істі Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүргізіп жатыр. Қылмыстық іс туралы алғаш болып күдіктінің өзі әлеуметтік желіде мәлімдеген.
Kazachkov offside Telegram-арнасының жазуынша, Ерлан Қыдырбаев «Ғылым қоры» АҚ қаржыландырған екі ғылыми жобаны үйлестірген. Жобалардың негізгі мақсаты қант диабеті, целиакия және өзге де аурулармен ауыратын адамдарға арналған глютенсіз әрі көмірсуы аз нан-тоқаш пен ұн өнімдерін өндіру болған.
Мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражат екі жеке компанияның есепшотына аударылған. Құжат бойынша Қыдырбаев бұл кәсіпорындарда жалдамалы қызметкер ретінде тіркелген. Алайда тергеу нұсқасына сәйкес, компаниялардың қызметін іс жүзінде өзі басқарған.
Тергеу нқсөасы бойынша, грант қаражатын игеру кезінде бірқатар заңбұзушылыққа жол берілген. Құжаттарда диеталық нан өндіруге арналған жаңа әрі заманауи жабдық сатып алынуы тиіс болған.
Алайда іс жүзінде пайдаланылған, бұрын қолданыста болған техника сатып алынған. Оның үстіне, жабдықтың техникалық сипаттамалары жобада көрсетілген талаптарға сәйкес келмеген.
Сатып алынған техниканың құны құжаттарда едәуір қымбат көрсетілген. Журналистің пайымдауынша, сатып алуға бөлінген қаражат пен нақты жұмсалған соманың арасындағы айырмашылық қолма-қол ақшаға айналдырылып, Ерлан Қыдырбаевқа берілген болуы мүмкін.
Басылым дереккөздерінің мәліметінше, ерекше тағамға мұқтаж адамдарға арналған нақты өнім өндірілмеген.
«Ғылым қорына» жобалардың орындалғаны туралы есеп беру үшін күдіктілер жалған актілер мен жеткізілім құжаттарын рәсімдеген болуы мүмкін.
Қазіргі уақытта Ерлан Қыдырбаев уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық істі тергеу жалғасып жатыр.
Соңғы жаңалықтар