Түнде есікті жұлқылап, дұға оқыған: Астанада белгісіз әйел бойжеткеннің зәре-құтын қашырды

16.09.2026 16:18 Мөлдір ҚАЙНАР
Түнде есікті жұлқылап, дұға оқыған: Астанада белгісіз әйел бойжеткеннің зәре-құтын қашырды
36
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Астанада түн ортасында бейтаныс әйел пәтер есігін ұзақ уақыт бойы тоқтаусыз сабалап, тұтқасын жұлқылап әрі түсініксіз сөздер мен дұға-қарғыс оқып, қыздың зәресін алған. Жаға ұстатарлық жағдай туралы Жанерке есімді қала тұрғыны Threads әлеуметтік желісінде баяндады, деп хабарлайды Politico.kz.

Бойжеткеннің айтуынша, ол түн ортасында есіктің қатты қағылғанынан оянып кеткен. «Бұл кім?» деген сұрағына сырттағы әйел өзін «көршіңмін» деп таныстырып, есікті дереу ашуды бұйырған. Алайда үрейленген тұрғын есікті ашпай, мән-жайды сұрағанда, әйел тұтқаны қайта-қайта тартып, агрессия таныта бастаған.

Бойжеткен бейтаныс жанға есік ашудан үзілді-кесілді бас тартып, полиция шақыратынын ескерткен. Сол сәтте бейтаныс әйел біраз үнсіз қалып, артынша керісінше полиция шақырғаны үшін қыздың өзіне «айыппұл салынатынын» айтып қорқытқан. Сондай-ақ тұрғынды подъезге зат тастап кетті деп айыптаған, бірақ пәтер иесі кіреберіске ешнәрсе қоймағанын және онда тазалық сақталғанын жеткізді.

Бұған қоса, бейтаныс әйел есік алдында түсініксіз сөздер айтып, бойжеткеннен бірнеше мәрте «өліп бара жатырсың ба?» деп сұраған әрі телефонынан дауыстап бейнероликтер қосып қойған.

«Мен жай ғана есеңгіреп қалдым. Біреу түн ішінде келіп, ұйқымды бұзды, есіктің тұтқасын жұлқылап, ашуды талап етті. Ешқандай жазығым болмаса да айыппұлмен, полициямен қорқытты. Мен ашпайтынымды айтқан сайын ол бұрынғыдан да ашуланып, қысым көрсетті», – деп жазды Жанерке.

Көрші пәтерден басқа тұрғын шыққан кезде ғана шу шығарған әйел баспалдақпен төмен түсіп кеткен. Бойжеткен бұл үйде мұндай жағдай бірінші рет орын алып отырғанын және түнде есігін қаққан бейтаныс жанның нақты кім екені әлі белгісіз болып қалғанын айтты.

Войдите, чтобы оставить комментарий