Түнгі клуб шатырының құлауынан қаза тапқандар саны 79 адамға жетті

Доминикан Республикасының астанасы Санто-Домингода орналасқан Jet Set түнгі клубында шатырдың құлауынан қаза тапқандар саны 79-ға дейін өсті.
Бұл туралы POLITICO.KZ Listín Diario басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Доминикан Республикасының Төтенше жағдайлар орталығының директоры Хуан Мануэль Мендес оқиға орнына құтқару қызметтері жұмылдырылғанын және құлаған шатырдың астында қалып қойған адамдарды іздестіру жұмыстары жалғасып жатқанын айтты. Алайда соңғы сағаттарда аман қалғандар табылған жоқ.
Осыдан бұрын хабарланғандай, кемінде 58 адам қаза тауып, 146 адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Бұл — Доминикан Республикасының соңғы жылдардағы ең ауыр оқиғаларының бірі болып отыр.
Оқиғаның себептері әзірге анықталмады. Ел президенті Луис Абинадер болған трагедияға байланысты үш күндік ұлттық аза тұту күнін жариялап, әлеуметтік желідегі парақшасында құтқарушылардың бар күшін салып, адамдарды құтқаруға тырысып жатқанын мәлімдеді.
Сонымен қатар, Санто-Доминго қаласының бірнеше нүктесінде қан тапсыру орталықтары ашылып, азаматтар зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатыр.
Жергілікті билік орындары мен құтқару қызметтері құлаған шатырдың себептерін анықтау бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Қазірге дейін шатыр не себепті құлады деген сұраққа нақты жауап берілген жоқ.
Jet Set клубындағы бұл қайғылы оқиға бүкіл елді дүр сілкіндірді. Қоғамдық ұйымдар мен еріктілер құтқарушыларға көмек көрсетуге белсенді атсалысуда.
Соңғы жаңалықтар





