Түркістан облысында 13 мыңнан астам абонент жоғары жылдамдықты оптикалық интернетке көшеді
Алдағы екі жылда Түркістан облысында 13 105 абонент ескі мыс желісінен заманауи оптикалық интернетке ауыстырылады, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл жұмыс «Қазақтелеком» АҚ инфрақұрылымды жаңғыртуға арналған SWAP жобасы аясында жүзеге асып жатыр. Қазірдің өзінде өңірдегі 827 абонент жаңа желіге қосылды. Оптикалық инфрақұрылым шағын қалалар мен ауыл тұрғындарына көп мүмкіндік береді. Тұтынушылар енді тұрақты интернет пен сапалы байланыс қызметін пайдалана алады. Оған қоса заманауи цифрлық сервистер де толық қолжетімді болады.
Құрылыс-монтаж жұмыстарының барлығын компанияның өз мамандары атқаруда. Олар алдымен аумақты зерттеп, кабель тартады. Одан кейін оптикалық талшықтарды дәнекерлеп, қажетті жабдықтарды орнатады. Желі толық іске қосылмас бұрын оның жұмыс параметрлері мұқият тексеріледі.
Жоба қарқынды жүріп жатқан аймақтың бірі – Төлеби ауданындағы Леңгір қаласы. Мұнда мамандар 416 оптикалық порт орнатты. Нәтижесінде 52 абонент жоғары жылдамдықты желіге қосылып үлгерді. Алдағы уақытта осы қаладағы 234 отбасы оптикалық интернетке толығымен көшіріледі.
Жалпы SWAP жобасы Қазақстанның түрлі өңірлерінде кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Оның басты мақсаты – еліміздегі телекоммуникациялық инфрақұрылымды кешенді түрде жаңарту.
Соңғы жаңалықтар