Түркістан облысында ҰОС ардагері 100 жасқа толды

Түркістан облысында ҰОС ардагері 100 жасқа толды
02.01.2025 12:30
0
232
Қорғаныс министрлігі
Ұлы Отан соғысының ардагері Зәкір Мұсаев мерейтойын атап өтті.

Түркістан облысында Ұлы Отан соғысының ардагері Зәкір Мұсаевты 100 жасқа толған мерейтойымен құттықтады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Ардагердің үйіне жергілікті әскери басқару органдарының қызметкерлері, Amanat партиясының облыстық филиалының өкілдері, Қарулы Күштер ардагерлері, ауған және басқа да локалды соғыстардың ардагерлері, сондай-ақ "Жас сарбаз" әскери-патриоттық қозғалысының мүшелері келді.

Қорғаныс істері департаменті бастығының орынбасары подполковник Жандос Күлдербаев Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың атынан құттықтау хат оқып, мерейтой иесіне естелік сыйлықтар табыс етті.

"Ардагерлерсіз бүгінгі өмірді елестету мүмкін емес. Олардың ерлігі – қазіргі заманның негізі және болашақтың тірегі болды", – деді подполковник Күлдербаев.

Зәкір Мұсаев 1925 жылы 1 қаңтарда Түркістан облысы ескі Иқан ауылында дүниеге келген. 1943 жылы 18 жасында әскер қатарына шақырылып, Петропавлдағы 44-полкта қызмет етті. Сол жылдың қыркүйегінде өз еркімен майданға аттанып, соғыс кезінде екі рет жараланған. Оның ерлігі Отан соғысы орденімен, Қызыл Жұлдыз орденімен және 13 жауынгерлік медальмен марапатталған.

Қазіргі уақытта Түркістан облысында Ұлы Отан соғысының небәрі 10 ардагері қалған.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий
или