Түркістан облысында жаңа туған сәбиін дәретханаға көміп тастаған 20-дағы қыз сотталды

12.08.2026 11:44 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Түркістан облысында жаңа туған сәбиін дәретханаға көміп тастаған 20-дағы қыз сотталды
298
Фото: istockphoto.com

Түркістан облысы Сайрам ауданының орталығы Ақсукент ауылында жаңа туған баласын дәретхана шұңқырына көміп тастаған 20 жастағы қызға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Politico.kz порталы Hronika.kz басылымына сілтемемен.

Оқиға 2025 жылдың 16 желтоқсанында болған. Сот мәліметіне сүйенсек, Дина К. (аты-жөні өзгертілген) есімді бойжеткен белгісіз адамнан жүкті болып, бұл жайтты жасырып келген. Ол ешқандай медициналық мекемеге тіркелмеген. Таңғы сағат алтылар шамасында толғағы басталған қыз ауладағы дәретханаға шығып, тоғыз айлық тірі шақалақты дүниеге әкелген. Некесіз туған бала ата-анасының абыройына нұқсан келтіреді деп қорыққан ол оны шұңқырға тастай салған.

Бала жылап, қозғала бастағанда ол күрекпен топырақ пен тас тастап, үстін көміп тастаған. Осыдан кейін үйіне кіріп, ұйықтауға жатқан. Сол күні қыздың анасы болған жайтты сезіп, шындықты біледі. Бұл туралы отағасына айтады. Қыздың әкесі бірден полиция шақырып, тәртіп сақшыларымен бірге шұңқырды қазып, нәрестенің денесін алып шыққан.

Мәйітханадағы сараптамадан кейін атасы немересінің денесін алып, оған Елиар деген есім берген. Ол баланы салт-дәстүрге сай жерледі. Сараптама қорытындысы нәрестенің толық жетілгенін және тіршілік етуге қабілетті болғанын көрсетті. Өлімге механикалық асфиксия себеп болған, яғни бала тұншығып қалған. Ал психологиялық-психиатриялық сараптама қыздың денсаулығында ешқандай ауытқу жоқ екенін анықтады.

Тергеу мен сот барысында шетінеген баланың құқығын Сайрам аудандық отбасын қолдау орталығының адвокаты қорғады. Ол жаза тағайындауды соттың шешіміне қалдыратынын мәлімдеді. Сайрам аудандық соты әйелді жаңа туған сәбиін өлтіргені үшін кінәлі деп тауып, 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Дегенмен сот оның бұрын істі болмағанын және шын жүректен өкінгенін ескеріп, 2 жылдық сынақ мерзімін белгіледі.

Сондай-ақ сотталған әйел сот-медициналық сараптама үшін 623 380 теңге төлеуге міндеттелді. Бұған қоса Жәбірленушілерге өтемақы қорына 58 980 теңге аударуы тиіс. Үкімге ешкім шағым түсірмеген, қазір ол заңды күшіне енді.

Войдите, чтобы оставить комментарий