Түркістанда 16 жастағы қызды ұрлап, екі ай зорлаған іс тоқтатылды
Түркістан облысында 16 жастағы қызды ұрлап әкетіп, Шымкентте екі ай бойы қамауда ұстап, зорлады деген күдікке қатысты қозғалған қылмыстық іс «дәлелдемелердің болмауына байланысты» тоқтатылды. Алайда, қыздың ата-анасы бұл шешіммен келіспей, екі жылдан бері әділдік іздеп, тергеушілерді пара алды деп айыптап отыр, деп хабарлайды ORDA.KZ.
Зардап шеккен қыздың ата-анасының сөзінше, тергеушілер 3,5 миллион теңге көлемінде пара алғаннан кейін іс тоқтап, кейіннен мүлдем жабылған. Олар кінәлінің жазасыз қалғанына наразы.
Ата-ананың айтуынша, олардың қызы 2023 жылы әлеуметтік желі арқылы бір жігітпен танысқан. Сол жігіт үйлеріне келіп, қызды көлікте сөйлесуге шақырған. Алайда, ата-анасының мәлімдеуінше, ол қыздың телефонын тартып алып, мәжбүрлеп алып кеткен. Олардың сөзінше, жігіт жасөспірімді екі ай бойы Шымкенттегі жалдамалы пәтерде ұстап, үнемі ұрып-соғып, тіпті колледжден алатын стипендиясын да тартып алып отырған.
Атын атамауды өтінген әкесі күдіктінің туыстары тарапынан да қысым болғанын айтады:
«Оның туыстары маған: "Оны енді ешкім күйеуге алмайды, үйде отырып қалады" деді. Жарты сағаттай осыны қайталады. Сосын: "Оны отырғызсаңдар, не ұтасыңдар? 20 жыл береді, тіпті енді піштіру жазасын да береді. Жігітті аямайсыңдар ма?" деді. Мен: "Егер мұндай сіздің қызыңызбен болса ше?" деп сұрадым. Олар үндемеді...»
Қыздың ата-анасының пікірінше, тергеушілер істі жабу үшін «қыз өз еркімен қалғысы келді» деген желеуді алға тартқан. Тіпті, оны сол жігіттің үйіне өздері апарып тастаған. Анасының айтуынша, 23 жастағы күдікті кейін қызды қорлап:
«Сен үшін біреуіне 500 мың, екіншілеріне үш миллион бердік. Біздің үш жарым миллионымыз кетті. Баратын жерің болмаса, тауға барып асылып қал», – деп айтқан.
Осы сөздерден кейін жасөспірім өзіне қол жұмсамақ болған, бірақ колледж оқытушылары оны дер кезінде құтқарып қалған.
Отбасы осы екі жыл ішінде жергілікті полициядан бастап, сотқа, тіпті Бас прокуратураға дейін шағымданған. Астанада іс «зорлау» бабы бойынша қайта қозғалғанымен, материалдар аймаққа қайтарылғаннан кейін іс тағы да жабылған.
Шымкент қалалық полиция департаменті бұл жағдайға байланысты түсініктеме беріп, қылмыстық істің заң шеңберінде тоқтатылғанын мәлімдеді.
«Тергеу барысында екі тарап пен куәгерлерден жауап алынды, бетпе-бет тергеу жүргізілді, оқиға орнынан алынған бейнежазбалар зерттелді. Алынған деректер қылмыс фактісін растамады. Жиналған материалдарды ескере отырып, қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл шешім прокуратурамен келісілді», – деді Шымкент полициясының өкілдері.
Алайда, қыздың ата-анасы бұл шешіммен келіспейді және қыздарының тағдырын ойыншық еткен жігіттің жазасын алуын талап етуде.
Соңғы жаңалықтар