Түркістанда 17 жастағы жігіт оққа ұшты

05.11.2025 07:59 Арман Ермеков
Түркістанда 17 жастағы жігіт оққа ұшты
0
472
Фото: Orda.kz

Түркістан облысында түнгі уақытта қатыгез қылмыс жасалды. Түлкібас ауданында белгісіз біреулер бір топ жігітке оқ атып, салдарынан 17 жастағы Төрехан Нұрлыбекұлы Төреәлі оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Orda.kz.

Қайғылы оқиға 2 қараша күні кешке Түлкібас ауданы, Көктерек ауылында болған. Куәгерлердің айтуынша, көліктен қару асынған, бетперде киген үш ер адам шығып, жастарға қарата оқ жаудыра бастаған. Бірнеше жігіт жасырынып үлгергенімен, оқ төрт адамға тиген.

Түркістан облысының Полиция департаменті күдіктілердің жеке басы анықталғанын хабарлады. Қазіргі таңда олардың біреуі ұсталып, екіншісін іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Сол түні жараланған үш жігіттің оқ аяқтарына тиген. Олардың бірі ауруханадан шыққанымен, енді үйден шығуға қорқатынын мойындады.

«Біз жай ғана тұрып сөйлесіп тұрғанбыз. Көлік тоқтап, бетперде киген үшеу шығып, ата бастады. Біз жерге жаттық, олар бәрібір атқылады. Енді бүкіл ауыл қорқып отыр. Полицияның өзі "көшеге шықпай тұрыңыздар, кенеттен қайтып оралуы мүмкін" деп ескертті», – дейді оқиға куәгерлерінің бірі.

Жергілікті тұрғындар шабуылдаушылар алдын ала дайындалғанына сенімді. Олардың айтуынша, қылмыскерлер жақсы жабдықталған және тез әрекет еткен. Тіпті олар көздеген адамдарынан жаңылысып, басқа біреулермен шатастырып алуы мүмкін деген де болжам бар.

Қаза тапқан жігіттің анасы Эльмира Айдарәлиева ұлының еш себепсіз өлтірілгенін айтады.

«Менің балам жай ғана сол жерде кездейсоқ болып қалды. Ол көліктің астына тығылған, бірақ біреуі оны мойнынан сүйреп шығарып, жерге лақтырып тастап, жүрегінен атқан. Еш мүдірместен жасады. Екінші баланы да өлтірмек болды, бірақ оқ қисық кетті. Осыдан кейін олар көлікке отырып, кетіп қалды», – дейді марқұмның анасы.

Отбасының айтуынша, сол күні кешке Төреханның көзі ауырып, ағасымен бірге дәріханаға барған. Ата-анасы екі сағаттан кейін дәріхана жанында атыс болғанын естіген. Олар ауруханаға жеткенде, бір ұлы тірі, ал екіншісі жансыз жатқан.

Оқиға болған түні жараланғандар шабуылдаушылар қайтып келуі мүмкін деп қорқып, жедел жәрдем шақырмаған. Олар ауруханаға өздері жеткен.

Екі ай бұрын ғана 17 жасқа толған Төрехан Төреәлі дәнекерлеуші мамандығын меңгеріп жүрген. Ол сол күні көзіне тамызатын дәрі алмақ болып сыртқа шыққан еді. Алайда, қарапайым кеш осы отбасы үшін орны толмас қасіретке айналды. Жігіт туған ағасының қолында жан тапсырған.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий