Тұрсынбек Қабатовтың екінші әйелі өзін балағаттағандарды сотқа берді
Танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың екінші әйелі ретінде танылған Айман есімді келіншек өзіне тіл тигізгендерге қарсы сотқа жүгінді, деп хабарлайды Politico.kz
Бұл туралы Айманның мүддесін қорғайтын заңгер Ділназ Мұхамедова әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Ол аталған келіншектің құқықтары мен заңды мүддесін қорғайтынын мәлімдеді.
Заңгердің айтуынша, құқықтық көмек көрсету аясында соттарда ар-намыс, қадір-қасиет және іскерлік беделді қорғау, сондай-ақ интернет кеңістігінде шындыққа жанаспайтын әрі қорлайтын ақпарат таратқан тұлғаларды жауапкершілікке тарту бойынша істер қаралып жатыр.
«Бүгін үш іс бойынша жеңіске жеттік. Үш тұлға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Азаматтық істер аясында моральдық зиян үшін ақшалай өтемақы өндірілді, талап-арыздар ҚР Азаматтық кодексінің 143-бабы негізінде қанағаттандырылды. Қосымша бес іс (әкімшілік және азаматтық) сотта қаралу сатысында тұр», — деп жазды ол.
Сонымен қатар, Мұхамедова анонимді немесе жалған парақшалар арқылы жазылған пікірлерге де заң алдында жауап беруге тура келетінін ескертті. Сот талқылауы барысында арнайы сұраулар жолдау арқылы (тіркеу және техникалық деректер негізінде) автордың тұлғасын анықтауға болатынын айтты.
Заңгер әлеуметтік желі қолданушыларына да маңызды ескерту жасады:
«Пікір білдіру еркіндігі шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таратуға, ар-намыс пен қадір-қасиетті кемсітуге және көпшілік алдында қорлауға жол бермейді. Мұндай әрекеттер үшін әкімшілік және азаматтық-құқықтық жауапкершілік, моральдық зиянды өтеу, сот шығындарын төлеу және жалған ақпаратты терістеу міндеті көзделген».
Соңғы жаңалықтар