Үкімет басшысы әлемдік қаржы институттарының өкілдерін жинады
Астанада Үкімет басшысы Олжас Бектенов әлемдік қаржы институттарының өкілдерін жинап, алдағы әріптестіктің жай-жапсарын талқылады, деп хабарлайды Politico.kz.
Үкімет үйінде Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Жиында экономикаға мультипликативті әсер беретін жобаларға шетелдік институттардың қатысуын кеңейту және құрылымдық реформаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Отырысқа Дүниежүзілік банк, Халықаралық қаржы корпорациясы, Азия даму банкі, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Еуразиялық даму банкі және Ислам даму банкінің өкілдері қатысты. Кеңес құрамына Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Ерболат Досаев пен Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев енді.
Үкімет басшысы халықаралық қаржы институттарының экономиканың сапалы өсуіне бағытталған озық тәжірибелерді енгізудегі стратегиялық рөлін атап өтті. Оның айтуынша, үйлестіру кеңесінің жұмысын қайта форматтау Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша жүргізіліп жатыр.
Күн тәртібінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті нығайту, өңірлердің дербес қаражат тартуы және көлік әлеуетін дамыту мәселелері қаралды. МЖӘ тетігін жетілдіру мақсатында тиісті заңның жаңа редакциясы әзірленді. Ол рәсімдерді оңтайландыру арқылы «Бағдарламалық МЖӘ» жүйесін енгізуді көздейді.
Бүгінде Халықаралық қаржы корпорациясымен бірлесіп энергетика, денсаулық сақтау, білім беру және көлік салаларында 7 ауқымды жоба іске асырылуда. Жалпы құны 2,7 триллион теңгені құрайтын 1 100-ден астам келісімшарт жасалған. Корпорация өкілі Зафар Хашимов нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру және Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін ілгерілету бойынша ұсыныстарын жеткізді.
Азия даму банкінің өкілдігінің директоры Утсав Кумар МЖӘ жобаларының пулын анықтау сенімді инвесторларды тартуға және нарықтағы бәсекелестікті арттыруға септігін тигізетінін мәлімдеді. Сонымен қатар, «Бәйтерек» холдингі мен АДБ арасындағы «Өрлеу» бағдарламасы аясындағы ынтымақтастық қаралды. Келесі жылы шағын және орта бизнесті жеңілдетілген мөлшерлемемен қаржыландыруға қосымша қаражат бөлу жоспарланған.
Еуропалық қайта құру және даму банкінің Қазақстандағы басшысының орынбасары Асқар Намазбаев валюталық тәуекелдерге бюджет бөлу және әкімшілік кедергілерді азайту мәселелерін көтерді.
Жиында республикалық маңызы бар қалалардың инвестициялық жобаларға дербес қаржы тарту тетігіне ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда Алматы қаласы халықаралық қаржы институттарынан тікелей қарыз алу мүмкіндігіне ие. Fitch агенттігі мегаполистің кредиттік рейтингін «BBB+» деңгейінде растауы сыртқы қаржыландыруды тартуға қолайлы жағдай жасайды.
Теміржол саласын дамыту бағытында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының күрделі салымдар бағдарламасы талқыланды. Дүниежүзілік банктің кепілдігімен тартылатын қаражат теміржол желілерін реконструкциялауға, жөндеуге және жаңа жылжымалы құрам сатып алуға жұмсалмақ. Банктің тұрақты өкілі Андрей Михнев елдің транзиттік әлеуетін күшейтуге қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-Министр мемлекеттік органдарға қаржы институттарынан алынған қарыздардың мақсатты жұмсалуын қатаң бақылауды тапсырды. Ұлттық экономика министрлігіне айтылған барлық бастама мен ұсынысты пысықтау міндеттелді.
Соңғы жаңалықтар