Үкімет ERG компаниясын «Самұрық-Қазынаға» не үшін берді
Қазақстан үкіметі ERG компаниясының 40% акциясын «Самұрық-Қазына» қорына өткізді. Бұл шешім ұйымның қаржылық қиындықтарына байланысты қабылданған болуы мүмкін, деп хабарлайды қаржы сарапшысы Арман Батаев өзінің Finmentor.kz арнасында.
Маусым айында қор 697,7 млрд теңгеге немесе $1,4 млрд сомасына 31 акция шығарған болатын. Үкімет оны ақшамен емес, мемлекеттік мүлікті беру арқылы төледі. Яғни ешқандай қаржылық қозғалыс болған жоқ, тек актив ауысты. Бұл жағдай «ҚазМұнайГаз» бен «Қазатомөнеркәсіп» акцияларымен болған операциялардан ерекшеленеді, деп түсіндіреді арна авторы.
Кен өндіруші ERG ұйымында айтарлықтай қаржы тапшылығы байқалады. Оған қоса ресейлік несие берушілер алдында үлкен қарызы бар. Бұған дейін акцияларды Қаржы министрлігі басқарды. Бірақ ведомство бюджеттен тікелей қаржы бөле алмайтын еді. Енді қор құрылымына енгеннен кейін компания ішкі несиелерге қол жеткізе алады. Бұл қаражат жаңа жобаларға немесе ескі қарыздарды жабуға жұмсалуы мүмкін.
Активтің келесі иесі қордың тау-кен саласындағы ұйымы «Тау-Кен Самұрық» болуы ықтимал. Бұрын Қаржы министрлігі тек бақылаушы рөлін атқарса, енді ERG мәселелері қордың мойнына ілінді. Есесіне «Самұрық-Қазына» тегін активке ие болды. Болашақта бұл үлесті халықаралық нарықта монетизациялауға мүмкіндік бар.
Сонымен қатар қорға Өзбекстан мен Моңғолияның тәжірибесін қолдану ұсынылып отыр. Мәселен ERG, «Қазмырыш», «Қазақтелеком», Kcell, KEGOC және «ҚазМұнайГаз» сияқты ірі ұйымдардың 10-20% акциясынан инвестициялық қор жинауға болады. Кейін оны Лондон немесе Гонконг биржасына шығару әлдеқайда тиімді. Түскен қаражат қарыз жүктемесінсіз жаңа жобаларды қаржыландыруға көмектесер еді.
Қазіргі уақытта мемлекеттік ұйымдарды жекешелендіру өте баяу жүріп жатыр. Биржаға шығу жоспарлары жылдар бойы кейінге шегерілуде. Ал алдағы жаһандық дағдарыс кезінде үкіметке банктерді емес, «Самұрық-Қазына» мен «Бәйтерек» холдингтерін құтқаруға тура келуі мүмкін. Себебі нақты экономиканы қаржыландыру міндеті осы институттарға жүктелген. Сондықтан активтерді жекешелендіру экономикалық тұрақтылықтың басты мәселесіне айналып отыр.
Соңғы жаңалықтар