Үкімет жартыжылдық қорытындысын жариялады

15.07.2026 11:12 Қарақат АСЫЛОВА
Үкімет жартыжылдық қорытындысын жариялады
66
Фото: Politico.kz/Абзал Бахытжанов

Биылғы жылдың алғашқы алты айында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 4,1 пайызға өсіп, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 9,5 трлн теңгеден асты, деп хабарлайды Politico.kz.

Экономикалық өсімге негізінен мұнайға тәуелді емес секторлардың тұрақты дамуы түрткі болған. Үкімет мәліметінше, тауарлар өндірісі мен қызмет көрсету саласы айтарлықтай артып, құрылыс пен өңдеу өнеркәсібі ең жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Мәселен құрылыс көлемі 15,2 пайызға ұлғайса, өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 9,8 пайызды құраған. Бұған қоса сауда, байланыс және ауыл шаруашылығы салаларында да оң динамика байқалып отыр. Әлеуметтік салада да ілгерілеу бар, дәлірек айтсақ, маусым айында инфляция 10,3 пайызға дейін баяулап, бірінші тоқсанда халықтың нақты табысы өсе бастаған.

Ел билігі нақты секторды дамытуда жеке капиталға үлкен үміт артып отыр. Жалпы инвестициялар құрылымындағы жеке қаражаттың үлесі қазірдің өзінде 87 пайызға жеткен. Әсіресе ақпарат және байланыс саласына құйылған қаржы екі жарым есеге жуық көбейгенін атап өткен жөн. Ішкі сауда да жақсы нәтиже көрсетіп, оның көлемі 36,2 трлн теңгеге дейін жетті. Ал сыртқы нарықтағы жағдайға келсек, қаңтар-мамыр айларында елдің тауар айналымы $56,3 млрд болып, оның ішінде шикізаттық емес экспорттың сапалық өсімі тіркелген.

Шағын және орта бизнес те ел экономикасындағы өз позициясын нығайтып келеді. Биыл тіркелген кәсіпкерлер саны 2,9 млн субъектіге жетіп, былтырғымен салыстырғанда жиырма пайызға артқан. Бас прокуратураның дерегіне сүйенсек, бизнеске жасалатын қысымды азайту мақсатында тексерулер саны қысқарып, он мыңнан астам артық талаптар заңнамадан алынып тасталды. Кәсіпкерлерге жеңілдікпен несие беру үшін «Өрлеу» және «Іскер аймақ» сияқты жаңа бағдарламалар іске қосылып, мемлекеттік сатып алу жүйесі де айтарлықтай жеңілдеген. Енді рәсімдер небәрі он күн ішінде өтеді және отандық өндірушілерге міндетті түрде елу пайыз аванс төленеді. Жарты жыл ішінде сатып алу көлемі 7,7 трлн теңгені құрап, отандық өндірушілермен 85,2 млрд теңгеге келісімшарт жасалған.

Сондай-ақ Қазақстан шетелдік капиталды тарту бойынша Орталық Азиядағы көшбасшылығын сақтап қалды. БҰҰ деректеріне сүйенсек, былтыр жаңа өндірістерге арналған аймақтағы инвестициялардың 89 пайызы дәл біздің елге бағытталып, $19 млрд қаржы тартылған. Шетелдік ірі инвесторлар қатарында Нидерланд, Ресей, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері және Сингапур бар. Олар негізінен сауда, өңдеу өнеркәсібі және тау-кен секторына қаржы құйып жатыр. Инвесторларды қорғау үшін құны $60 млн асатын жобаларға заңнаманың жиырма бес жыл бойы тұрақтылығына кепілдік беретін арнайы келісімдер жасалуда.

Экономикалық экожүйені жаңғыртудың тағы бір маңызды қадамы ретінде жаңа Салық және Бюджет кодекстері қабылданды. Жаңа ережелердің арқасында бірінші жартыжылдықта бюджет кірісі 16 пайызға өсіп, жоспар толығымен орындалған. Көлеңкелі экономикамен күрес аясында қосылған құн салығын төлеушілер саны 158 мыңнан асты. Салық мөлшерлемелері де қайта қаралды, мысалы банктер үшін корпоративтік табыс салығы 25 пайызға дейін көтерілсе, аграрлық секторға 3 пайыздық жеңілдік берілді.

Қарапайым азаматтар үшін де бірқатар тиімді өзгерістер қарастырылған. Енді жылына 36,7 млн теңгеден астам табыс табатын ауқатты азаматтар 15 пайыздық прогрессивті мөлшерлемемен салық төлейді, ал қалған тұрғындар үшін жеке табыс салығы бұрынғы күйінде қалады. Сонымен қатар зейнетақы төлемдері табыс салығынан толық босатылып, ескі көліктердің салығы пайдалану мерзіміне қарай 30 немесе 50 пайызға төмендетілді. Мүгедектігі бар адамдарға арналған салықтық шегерімдер де 5 мың АЕК-ке дейін ұлғайып, жалпы салықтық есеп беру процедуралары айтарлықтай оңтайландырылды.

Войдите, чтобы оставить комментарий