Астанадағы сауда орталығында пышақ ұстаған жігіт жұртты қорқытты

29.08.2026 11:41 Қарақат АСЫЛОВА
Астанадағы сауда орталығында пышақ ұстаған жігіт жұртты қорқытты
234
Видеодан кадр

Астанадағы сауда орталығында 19 жастағы жігіт пышақпен бутикке кіріп, электронды темекі талап еткен, деп хабарлайды Politico.kz.

Астанадағы Abu Dhabi Plaza сауда орталығында пышақ ұстаған 19 жастағы жігіт бірнеше бутикке кіріп, қызметкерлерден электронды темекі мен стиктер талап еткен. 

Оқиға туралы сауда орталығындағы бутиктердің бірінің қызметкері әлеуметтік желіде айтып берді. Оның сөзінше, дүкен жабылуға шамамен 40 минут қалғанда әріптесі қоқыс шығаруға кеткеннен кейін қайта оралып, жақын маңдағы сауда аралында пышақ ұстаған жігіт жүргенін ескерткен.

Кейін оның сатушыға пышақ көрсетіп, стик пен электронды темекі сұрағаны белгілі болған. Талаптары орындалмаған соң, жас жігіт қорқытып, пакет алып, сауда аралын теуіп кеткен.

Бұдан кейін ол стикті сатып алған қызметкердің соңынан еріп, басқа бутикке кірген. Сол жерде де пышақ көрсетіп, қызметкерлерден стик беруді талап еткен. Қызметкерлер қауіпсіздік қызметін шақырған кезде, жігіт оқиға орнынан қашып кеткен.

Полиция бұл жағдай бойынша сауда орталығына барған. Құқық қорғаушылар 19 жастағы азаматтың жеке басын анықтап, оны полиция басқармасына жеткізген.

Тексеру барысында пышақтың жігіттің үйінен алынғаны анықталған. Полиция мәліметінше, оның денсаулығына қатысты мәселелері бар. Оқиға орнына жедел жәрдем шақырылып, медициналық көмек көрсетілгеннен кейін азамат әкесіне тапсырылған.

Сонымен қатар полиция сауда орталығының әкімшілігіне қауіпсіздік шараларын күшейту және оқиғаның туындауына себеп болған жағдайларды жою туралы ұсыныс енгізді.

Войдите, чтобы оставить комментарий