Украинаға көмек және Еуропаның қауіпсіздігі: 150 миллиард еуролық қор құрылмақ

Еуропа жаңа қарулану дәуіріне қадам басты. Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен 4 наурыз күні Брюссельде өткен жиында Еуроодақтың қорғаныс қабілетін күшейту мақсатында бірқатар жаңа шаралар қабылданатынын мәлімдеді, деп хабарлайды POLITICO.KZ Азаттық Радиосына сілтеме жасап.
Фон дер Ляйеннің айтуынша, Еуропа қорғаныс саласына бөлінетін қаржыны айтарлықтай арттыруға дайын. Бұл қадам Украинаға әскери көмек көрсетуге және ұзақ мерзімді қауіпсіздік шараларын күшейтуге бағытталмақ.
Еуроодақтың қайта қарулану жоспарының жалпы бюджеті 800 миллиард еуроға бағалануда. Оның 150 миллиард еуросы Украинаға қару-жарақ сатып алу, әуе қорғаныс жүйелері, зымырандар мен оқ-дәрілер, сондай-ақ дрондар мен олардан қорғану құралдарын өндіруге жұмсалмақ. Бұл қаржы жалпыеуропалық қордан бөлінуі мүмкін.
Қалған 650 миллиард еуро Еуропаның Инвестициялық банкі, жеке инвесторлар және ЕО елдерінің қорғаныс шығындарын ІЖӨ-нің 1,5%-на дейін ұлғайту арқылы тартылмақ. Сонымен қатар, ЕО-ның дамушы аймақтарындағы жобаларға бөлінген қаражаттың бір бөлігін қорғаныс қажеттіліктеріне бағыттау ұсынысы талқылануда.
Бұл жоспар 6 наурызда өтетін ЕО-ның шұғыл саммитінде қаралады. Алайда, Венгрия мен Словакия Украинаға әскери көмек көрсетуді кеңейтуге қарсы шығуы мүмкін. Politico басылымының хабарлауынша, Будапешт Еуроодақтың қорғаныс шығындарын арттыруға келіскенімен, бұл қаржының Украинаға әскери көмек ретінде жұмсалмауы тиіс деген талап қояды.
АҚШ тарапы бұған дейін Украина үкіметін Ресеймен тезірек бейбіт келісім жасауға шақырып, Киевке әскери көмекті тоқтатқаны хабарланған болатын. Еуроодақ елдері мен Украина Вашингтонның көмегі толық тоқтаған жағдайда оның орнын басатын балама табудың қиын болатынына алаңдаулы.
Соңғы жаңалықтар





