Ұлдана Мырзуанның бұрынғы күйеуі жәбірленуші болудан бас тартты

18.08.2026 17:12 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Ұлдана Мырзуанның бұрынғы күйеуі жәбірленуші болудан бас тартты
390
Коллаж Politico.kz

Астанада қаза тапқан 23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның бұрынғы күйеуі жәбірленуші мәртебесінен бас тартады. Бұл туралы сотта оның адвокаты Мұрат Мәуметов журналистерге мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Әділет Зейнел марқұмның қазасынан 8 ай өткен соң екінші рет отбасын құрған. Бұған дейін Ұлдананың анасы Сәлима Ешанқұлова күйеубаласының бұл қадамын біліп, одан мәртебеден бас тартуды сұраған еді. Ол кезде Әділет бұған келіспеген болатын.

Адвокаттың айтуынша, ер адам мәртебесінен марқұмның анасының пайдасына бас тартпақ. Мұрат Мәуметов бұл шешім сотқа дейін қабылданғанын және тиісті өтініш беретіндерін айтты. Журналистердің сұрағына жауап берген қорғаушы бұл Әділеттің жеке шешімі екенін жеткізді.

Жәбірленушілердің адвокаты іс аясында барлығы 6 адам зардап шеккен деп танылғанын мәлімдеген. Олардың қатарында марқұмның анасы, мәртебесінен бас тартып жатқан бұрынғы күйеуі және басқа да тұлғалар бар.

Бүгін, 18 тамызда фельдшердің өліміне қатысты сот отырысы басталды. Қоғамдық қызығушылық пен қатысушылардың пікірі ескеріліп, процесс ҚР Жоғарғы сотының YouTube арнасында тікелей эфирде көрсетіліп жатыр. Бұған жәбірленуші тараптың өтініші де себеп болған.

Іс Қылмыстық кодекстің 254-бабының 1-бөлігі, яғни міндеттерге салғырт қарау бойынша қаралуда. Айыпталушы ретінде кондиционер құлаған үйдің мүлік иелері бірлестігінің (МИБ) төрайымы Сәуле Жұбаниязова сотқа тартылды.

Қайғылы оқиға 2025 жылдың 8 қарашасында болды. Ұлдана Мырзуан жұмыс істеп жүргенде ғимарат қасбетінен кірпіштер мен кондиционер бекіткіші құлаған. Ауыр жарақат алған фельдшер 18 қарашада көз жұмды.

Войдите, чтобы оставить комментарий