Ұлттық құрылтайда талқыланған мәселелер – еліміздің болашағы үшін аса маңызды

Ұлттық құрылтайда талқыланған мәселелер – еліміздің болашағы үшін аса маңызды
15.03.2025 11:44
0
142
жеке мұрағат

Бурабайда Ұлттық құрылтайдың IV отырысы өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен алғаш рет 2022 жылдың маусымында жиналған құрылтай мүшелері бұл жолы да елдің өзекті мәселелерін талқылау үшін бас қосты.

Осы орайда біз Ұлттық құрылтай мүшесі, Астана қаласы өзбек этномәдени орталығының төрағасы Шерзод Пулатовпен сұхбаттастық.

– Мемлекет басшысы құрылтайда Амал мерекесін ұлттық бірліктің символы ретінде атап өтті. Сіздің ойыңызша, ұлттық дәстүрлерімізді сақтау мен жаңғыртуда бұл мерекенің маңызы қандай?

– Амал мерекесі – халқымыздың ғасырлар бойы сақтап келген дәстүрлі мерекесі, ол адамдарды бір-бірімен қауышуға, татулық пен сыйластықты нығайтуға шақырады. Бұл мереке қазақ халқының ғана емес, елімізде тұратын барлық этностардың арасындағы достықты күшейтудің де тамаша үлгісі бола алады. Жастардың ұлттық дәстүрлерге деген қызығушылығын арттыру үшін мектептер мен жоғары оқу орындарында арнайы мәдени іс-шаралар ұйымдастырып, ұлттық ойындар мен фестивальдер өткізу қажет. Сонымен қатар, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында ұлттық мерекелердің мәні мен маңызын кеңінен насихатталса құба-құп.

 – Президент өз сөзінде рухани тазалық пен ұлттық болмысты сақтаудың маңыздылығына тоқталды. Қазіргі заманда ұлттық құндылықтарымызды қалай сақтап, дамытуға болады?

– Ұлттық болмысты сақтау үшін ең алдымен, отбасы тәрбиесіне, білім беру жүйесіне және мәдениетке ерекше көңіл бөлу қажет. Әрбір адам өз халқының тарихын, салт-дәстүрін құрметтеп қана қоймай, басқа этностардың мәдениетін де түсінуге тиіс. Бұл – еліміздегі тұрақтылық пен келісімді сақтаудың басты кепілі. Қазіргі таңда жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыру үшін әдебиет пен өнерге, ұлттық мұраларға негізделген жобаларды дамыту маңызды. Қазақстан халқы Ассамблеясы осы бағытта этносаралық келісім мен толеранттылықты дәріптейтін жобалар жүргізіп, түрлі халықтардың мәдени мұраларын бір алаңда насихаттау арқылы рухани бірлікті нығайтып келеді.

– Ел президенті өз сөзінде билік жүйесіндегі реформалар туралы айтты. Соңғы жылдары жергілікті басқару органдарына жасалған өзгерістердің ел өміріне әсері қандай деп ойлайсыз?

– Соңғы жылдары мемлекеттік басқару саласында ауқымды реформалар жүргізілді. Жергілікті билік құрылымдары түбегейлі жаңғыртылып, халықтың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігі кеңейді. Ауыл әкімдерінің басым бөлігі жаңарды, олардың арасында мемлекеттік қызметте болмаған жаңа тұлғалар пайда болды. Аудандар мен қалалардың әкімдерін тікелей сайлау жүйесі енгізілді, бұл халықтың жергілікті басқаруға деген сенімін арттырды. Осы өзгерістердің нәтижесінде азаматтардың өз өңірлерін дамытуға белсенді араласу мүмкіндігі кеңейді. Әкімдер енді халық алдында есеп беруге міндетті, ал бұл өз кезегінде жергілікті мәселелердің ашық әрі әділ шешілуіне ықпал етеді.

– Мемлекет басшысы салық жүйесін реформалау қажеттігін ерекше атап өтті. Сіздің ойыңызша, әділ салық жүйесі қандай болуы керек?

– Салық жүйесі ел экономикасының тұрақты дамуы мен әлеуметтік теңдікті қамтамасыз етудің маңызды құралы. Президенттің айтқанындай, бүгінде кәсіпкерлердің екі түрлі тобы бар: бірі салықты адал төлесе, екіншісі заңдағы олқылықтарды пайдаланып, төлемдерден жалтаруға тырысады. Бұл әділетсіздікке әкеледі және бәсекеге қабілеттілікке кері әсер етеді. Сондықтан, заңнаманы жетілдіру арқылы салық жүйесін барынша әділ, ашық ету керек. Әр азамат пен кәсіпкер елдегі әлеуметтік және экономикалық тұрақтылық үшін салық төлеудің маңызын түсінуі тиіс. Сонымен қатар, бюджет қаржысының тиімді жұмсалуын қадағалау – қоғамның ортақ міндеті.

– Президент діни ахуалға ерекше тоқталып, жастардың жат ағымдардың ықпалына түсу қаупін атап өтті. Бұл мәселені қалай шешуге болады?

– Қазіргі кезде жастар арасында теріс діни ағымдарға еріп кету қаупі бар. Мұның алдын алу үшін ең алдымен діни сауаттылықты арттыру қажет. Дінге қызығушылық танытқан жастар дұрыс ақпаратты білікті мамандардан алуы тиіс. Бұл ретте, білім беру мекемелерінде дін туралы ғылыми негізделген курстарды енгізу маңызды. Сонымен қатар, интернет кеңістігінде экстремистік идеялардың таралуын қадағалап, оларға қарсы ақпараттық жұмыс жүргізу қажет. Дін – халықты біріктіретін рухани құндылық болуы тиіс, сондықтан оны саясат пен идеологиялық құралға айналдыруға жол бермеу керек.

– Президент әлеуметтік желілердегі арандатушылық, жалған ақпарат тарату, адамдардың ар-намысына нұқсан келтіру сияқты мәселелерді көтерді. Ақпараттық кеңістіктегі мәдениетті қалай қалыптастыруға болады?

– Мемелекет басшысы көтеріп отырған мәселе өте орынды. Қазіргі заман – ақпарат ғасырында өмір сүріп жатқанымызды ескеруіміз керек. Әлеуметтік желілер адамдардың ойын еркін білдіруіне мүмкіндік береді, бірақ оны жауапкершілікпен пайдалану қажет. Жалған ақпарат тарату, арандатушылық жасау, біреудің ар-намысына тию – қоғамға үлкен зиян келтіреді. Бұл ретте, медиасауаттылықты арттыру, ақпараттық мәдениетті қалыптастыру маңызды. Әр азамат әлеуметтік желіде жарияланған кез келген ақпаратты тексеріп, оның шынайылығына көз жеткізуі керек.

 Құрылтайда қазіргі кино индустриясына қатысты сын айтылып, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін фильмдер түсірудің маңыздылығы атап өтілді. Қазіргі кино саласы қандай бағытта дамуы керек?

– Кино – идеологиялық құрал ғана емес, қоғамға әсер ететін маңызды мәдени сала. Қазіргі таңда көптеген фильмдер зорлық-зомбылықты, теріс әдеттерді насихаттауға бағытталған. Бұл – қауіпті үрдіс. Сондықтан ұлттық кино саласын дамыту үшін тарихи тұлғаларымыз бен ұлттық болмысымызды дәріптейтін сапалы туындылар түсіру керек. Сонымен қатар, балаларға арналған қазақ тіліндегі анимациялық фильмдердің санын арттыру қажет. Мемлекет мәдениет саласына қолдау көрсете отырып, ұлттық киноның сапасын арттыруға басымдық беріп келеді. Бұл – қуантарлық жайт.

 Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект (AI) пен цифрландыруды экономиканың барлық саласына енгізу қажеттігін ерекше атап өтті. Жасанды интеллект бойынша ойыңыз қандай?

– Бүгінде AI технологиялары әлемнің жетекші державалары арасында бәсекелестіктің негізгі факторына айналды. Қазақстан да бұл үдерістен тыс қалмай, цифрлық экономиканы дамытуға басымдық беруі тиіс.

Жасанды интеллект көптеген саланың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Экономикалық тұрғыдан AI бизнесті автоматтандырып, еңбек өнімділігін арттырады, шығындарды азайтады. Мемлекеттік басқаруда бұл технологиялар бюрократияны қысқартып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға септігін тигізеді. Денсаулық сақтау саласында AI медициналық диагностиканы жақсартып, ауруларды ерте анықтауға көмектеседі. Ал білім беру жүйесінде жасанды интеллект жекелендірілген оқыту бағдарламаларын дамытып, білім алудың жаңа мүмкіндіктерін ашады.

Осы бағытта нақты қадамдар жасалуы қажет. Біріншіден, Қазақстанға жасанды интеллектіні дамытуға арналған ұлттық стратегия әзірлеу керек. Екіншіден, деректерді өңдеу орталықтарын кеңейтіп, жоғары технологиялық инфрақұрылым қалыптастыру маңызды. Үшіншіден, отандық ІТ-мамандарды даярлау мәселесіне ерекше көңіл бөлініп, AI саласындағы білім беру бағдарламалары күшейтілуі тиіс. Төртіншіден, жасанды интеллектіні мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау және экономика салаларына енгізу арқылы оның нақты пайдасын көру қажет. Бесіншіден, AI технологияларын реттейтін заңнаманы жетілдіру арқылы оның қауіпсіз әрі тиімді дамуын қамтамасыз ету керек.

Президент бұл бағытта Қазақстан нақты прогреске қол жеткізетінін атап өтті. Егер жасанды интеллект саласы жүйелі түрде дамыса, еліміз Орталық Азиядағы технологиялық көшбасшыға айналып, цифрлық экономиканың жаңа моделін қалыптастыра алады.

– Президент білім беруде тәрбие мәселесіне ерекше тоқталды. Қазіргі білім беру жүйесінде тәрбие жұмысына қаншалықты көңіл бөлінуі керек?

– Білім беру мен тәрбие – бір-бірінен ажырамас ұғымдар. Қазіргі кезде білім сапасын арттыруға көп көңіл бөлінгенімен, тәрбие мәселесі назардан тыс қалып жатады. Бұл қателікті түзету үшін мектептерде «Адал азамат» бағдарламасын толыққанды енгізу керек. Балаларға ұлттық құндылықтарды сіңіру, адамгершілік қасиеттерді дәріптеу, жауапкершілік пен еңбексүйгіштікке баулу маңызды.

Сонымен қатар, президентің өзі айтып отырған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы – жас ұрпақты рухани және адамгершілік құндылықтарға баулудың маңызды құралы. Қазіргі таңда білім беру жүйесінде тәрбие мәселесі екінші орынға қалып қойды, ал баланың толыққанды азамат болып қалыптасуы тек академиялық білімге емес, оның алған тәрбиесіне де тікелей байланысты. Сондықтан бұл бағдарлама отбасы, мектеп және қоғамның ортақ жауапкершілігі аясында жүзеге асуы тиіс.

Бағдарламаның негізгі басымдықтары – отбасылық тәрбие, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жастардың қоғамдық белсенділігін арттыру, ақпараттық қауіпсіздік пен медиасауаттылық, салауатты өмір салтын насихаттау. Ол барлық білім беру мекемелерінде жүйелі түрде енгізіліп, мұғалімдер мен тәрбиешілер арнайы дайындықтан өтуі қажет.

Егер бұл бағдарлама сапалы жүзеге асса, өскелең ұрпақ ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтарды бойына сіңіріп, жауапкершілігі жоғары, еңбекқор, отаншыл азамат болып өседі. Бұл – Қазақстанның жарқын болашағына жасалған маңызды қадам.

– Осы өзекті мәселелер бойынша ой-пікіріңізбен бөліскеніңізге рақмет. Сіздің пікіріңіз қоғамға пайдалы боларына сенімдімін.

– Сізге де рақмет! Ұлттық құрылтайда талқыланған мәселелер – еліміздің болашағы үшін аса маңызды. Мұндай сұхбаттар қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді. Біз бәріміз ел игілігі үшін еңбек етуіміз керек.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий