Ұлытау облысы экономикалық индикатордың өсу қарқыны бойынша өңірлер арасында екінші орынға шықты
2026 жылдың қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша Ұлытау облысы қысқа мерзімді экономикалық индикатордың (ҚЭИ) өсу қарқыны бойынша Қазақстан өңірлері арасында екінші орынға шықты, деп хабарлайды Politico.kz.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, өңірдің көрсеткіші 115,9%-ды құрады. Бұл облыстың негізгі салаларындағы өндіріс көлемі 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,9%-ға өскенін білдіреді. Бұдан жоғары нәтиже тек Түркістан облысында тіркелді — 124,1%. Қазақстан бойынша орташа өсім 104,9% болды.
Қысқа мерзімді экономикалық индикатор экономика үшін маңызды алты саланың нәтижесін қамтиды: өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы, сауда, көлік және байланыс. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл көрсеткіш өңірдегі кәсіпорындардың өткен жылмен салыстырғанда тауар өндіру және қызмет көрсету көлемін қаншалықты арттырғанын бағалауға мүмкіндік береді.
Осы орайда айта кетерлігі, Ұлытау облысы еліміздегі өңірлер арасында өсімнің ең жоғары қарқынын көрсетті. 2025 жылғы қаңтар-шілде айларында облыстың ҚЭИ көрсеткіші 99,6% болған. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өндіріс көлемінің 0,4%-ға төмендегенін білдірді. 2026 жылы көрсеткіш 115,9%-ға жетіп, 16,3 пайыздық тармаққа өсті — бұл Қазақстан өңірлері арасындағы ең жоғары оң өзгеріс. Нәтижесінде Ұлытау 19-орыннан бірден 2-орынға көтерілді.
Өсу қарқыны ең жоғары өңірлердің қатарында Алматы облысы мен Шымкент қаласы да бар. Бұл өңірлерде көрсеткіш шамамен 115%-ды құрады. Осылайша, Ұлытау облысы жылдың алғашқы жеті айындағы экономиканың базалық салаларының даму қарқыны бойынша елдегі көшбасшы өңірлердің қатарына енді.
Айта кету керек, өнеркәсіп Ұлытау облысы экономикасының негізгі салаларының бірі болып қала береді. Өңірдегі негізгі кәсіпорындардың бірі әрі облыстағы ең ірі өнеркәсіптік жұмыс беруші – «Қазақмыс» компаниясы. Өндірістік алаңдардың жұмысы, кәсіпорындарды жаңғырту және инвестициялық жобаларды іске асыру өнеркәсіптің дамуына ықпал етуде, сондай-ақ өңір тұрғындарын жұмыспен қамтып, сабақтас салаларда сұранысты арттырып келеді. Сонымен қатар ҚЭИ-дің қорытынды көрсеткіші өңірдің барлық базалық салаларының жиынтық даму серпінін көрсетеді және облыс экономикасының жалпы даму нәтижесін айқындайды.
Соңғы жаңалықтар