"Ұнамаса келме": Қанат Айтбаев ресейлік блогерге жауап берді
Димаш Құдайбергеннің әкесі Қанат Айтбаев елордаға қатысты жағымсыз пікір айтқан ресейлік блогер Илья Варламовқа жауап берді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Илья Варламов берген сұқбаттың үзіндісі Instagram желісіндегі levy_bereg_astana парақшасында жарияланған. Бейнежазбада блогер елорданы нашар қала екенін айтып жатқанын көруге болады. Желі жұлдызы сұқбаты барысында Астананы жайсыз қала деп атап, серуендеу үшін қолайсыз екенін жеткізді.
"Астана – нашар қала. Бұл қалада өмір сүру өте жайсыз. Урбанистика жағынан жағдайы мүшкіл. Серуендеуге де қолайсыз. Астананың көлеңкелі тұстары туралы көп жаздым. Маған ұнамайды. Астанаға тек шаруа бойынша ғана келемін", -деді Варламов.
Блогердің бұл сыни пікірі көптеген желі қолданушысына ұнаған жоқ. Варламовтың сөзіне қатысты наразылығын білдіргендер арасында Димаш Құдайбергеннің әкесі де бар.
"Сенің пікірің керек еді бізге. Астана – өте көркем, әсем қала. Ұнамаса келме. "Асын ішіп, аяғына түкіру" дейді мұндайды", - деп жазды Қанат Айтбаев.