ҰҚК Атырау әкімінің орынбасарына қатысты ақпаратқа жауап берді

09.06.2026 10:03 Абзал БАХЫТЖАНОВ
ҰҚК Атырау әкімінің орынбасарына қатысты ақпаратқа жауап берді
237
Фото: gov.kz

Атырау қаласы әкімінің орынбасары мен жергілікті коммуналдық кәсіпорын басшысының орынбасарына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл ақпаратты Ұлттық қауіпсіздік комитеті Politico.kz-тің ресми сауалына берген жауабында растады.

«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-тармағына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген жауапта.

Бұған дейін БАҚ-та Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасов пен «Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС бас директорының орынбасары Бейбіт Мағзұмовтың ұсталғаны жайлы хабарланған болатын. Сондай-ақ қала әкімі Шәкір Кейкиннің де жұмыс уақытында түсініктеме беру үшін ҰҚК-нің Атырау облыстық департаментіне шақырылғаны айтылды.

Осы оқиғадан кейін адвокат Нұрлан Жолболов мәлімдеме жасап, қала әкімі мен оның орынбасары тек қылмыстық іс аясында жауап бергенін және олардың ұсталмағанын жеткізді.

Айта кетейік, бұған дейін ҰҚК Жамбыл облысының жер қатынастары басқармасы басшысының ұсталғанын растаған еді.

Войдите, чтобы оставить комментарий