ҰҚК «Іле Су» мекемесінің директорын тергеуде

18.06.2026 19:04 Абзал БАХЫТЖАНОВ
ҰҚК «Іле Су» мекемесінің директорын тергеуде
216
Фото: «Іле Су» МКК

Алматы облысының Іле ауданы әкімдігіне тиесілі "Іле Су" мемлекеттік кәсіпорнының басшысы Жандос Журыновқа қатысты тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл ақпаратты Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Politico.kz-тің сауалына берген жауабында растады.

"Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-тармағына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды", – делінген ҰҚК бөлімше бастығы А. Нечипоренко қол қойған жауапта.

Айта кетерлігі, бұл оқиға туралы ең алғаш телеграм-арналар жарыса жазған болатын. Олардың мәліметіне сүйенсек, ҰҚК Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі қызметкерлері Жандос Журыновты пара алды деген күдікпен ұстаған. Дегенмен бұл ақпаратты құзырлы органдар әзірге толық ашып айтқан жоқ.

Жандос Омарханұлы Журынов "Іле Су" шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры лауазымына 2025 жылдың 1 қазанында тағайындалған. Бұл туралы кәсіпорын өзінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында хабарлаған еді.

Мекеме таратқан ақпаратта ол басқару саласында мол тәжірибесі бар білікті маман ретінде таныстырылған. Сонымен қатар жаңа басшының келуі ұйымның тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, кәсіпорынның одан әрі дамуына ықпал етеді деп күтілген болатын.

Войдите, чтобы оставить комментарий